Хабар

Техникалық мамандықта оқудың мүмкіндігі молайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандарды көбейтуге мән беріп отыр. Осыған орай «Болашақ» халықаралық бағдарламасының бағыттарын қайта қарауды тапсырды. Нәтижесінде, биыл 2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 36%-дан 60%-ға дейін өспек.

Ең бір жағымды жаңалық, техникалық дайындық бағыттары бойынша үміткерлер үшін шет тілін меңгеруге арналған IELTS тестінің орташа балы төмендетілді. Енді 5.0 балл жеткілікті және бір жыл тілдік да­йын­дықтан өту мүмкіндігі де қарас­ты­рыл­ған. Бұл шаралар техникалық маман­дық­тар бо­йынша оқыту мүмкіндігін кеңей­ту­ге ба­ғыт­талып отыр.

«Халықаралық бағдарламалар орта­лы­ғы» АҚ президенті Әнуар Жанғозин: «Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­­сыр­масы бойынша бағдарламаны қайта бағдарлау процесі басталды. Енді ин­женерлік-техникалық кадр­ларды да­йындау басымдыққа ие болмақ. Сон­дай-ақ «Инженерлік-техникалық қыз­мет­кер­лер» жеңілдетілген санатын енгі­зу қа­рас­тырылып жатыр. «Болашақ» бағдар­ла­масына құжат тапсыру кезінде олар мін­детті түрде ше­тел­дік университет­тер­ге өз бетінше түс­пейді. Олар алдымен­ тіл курс­тарынан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізімінен оқу орнын таңдай алады», – деді.

Орталық өкілінің айтуынша, ауылдық жерлерден келген үміткерлердің де мүм­кін­діктерін арттыру жоспарланып жатыр. Мысалы, IELTS нәтижесімен ағылшын тілін меңгеру деңгейін 5.0 балға дейін төмендету, ауылдық жерлерде міндетті тұру мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін қысқарту жоспарда бар, оларға тілдік дайындықтан өтуге мүмкіндік беріледі. Осыған қоса аудандық маңызы бар қала тұрғындарын қосу арқылы ауылдық жерлерден кандидаттардың кон­тин­гентін кеңейту және олардың санын ұл­ғайту ұсынылды.

«Барлық процесті оңайлату, автоматтан­ды­ру және ашықтық бойынша жұмыс жал­­­­­ғасады. Академиялық адалдықты қам­­­­та­масыз ету үшін стипендия беруге кон­­­курс­­тық іріктеу прокторинг пен анти­чи­тинг­­­тің жетілдірілген жүйесімен жүзеге асы­­ры­лады. Онлайн формат және бизнес-про­цес­терді одан әрі автоматтандыру ірік­теу жүйесін одан да ашық, қолжетімді, ың­ғай­­лы және ұтымды етеді», – деп атап өтті Ә.Жанғозин.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button