Новости

«Терезе мен су — жазғы маусымдағы басты қауіп»: Қарағандыда қауіпсіздік туралы қалай еске салады

Қарағанды қаласының ТЖ басқармасының азаматтық қорғаныс жөніндегі аға офицері Сұлтан Зейноллин «Жаңа FM» радиосындағы «Зеленая волна» бағдарламасында тікелей эфир қонағы болды. Ол жаз мезгілінде жиі орын алатын қайғылы оқиғалар туралы және олардан қалай сақтануға болатыны жайлы кеңінен айтып берді, деп хабарлайды novoetv.kz. Сұхбатты радиожүргізуші Евгения Смехова жүргізді.

Сұлтан Зейноллиннің айтуынша, жаз айларында жиі кездесетін мәселелердің бірі — балалардың терезеден құлап кетуі.

«2025 жылдың басынан бері бізде балалардың терезеден құлауына қатысты тоғыз оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, оның екеуі өліммен аяқталды», — деді офицер.

Оның айтуынша, бұл қайғылы жағдайлар тек тұрмысы төмен отбасыларда ғана емес, қарапайым, толыққанды отбасыларда да орын алып жатады.

«Кейбір ата-аналар өздері балаларын қауіпке үйретеді: терезе алдына отырғызады, сырттағыны көрсетеді. Балалар оған үйреніп алады да, кейін өз бетімен жиһаз немесе ойыншықтардың көмегімен терезе алдына шығып алады», — деп түсіндірді Зейноллин.

Ол ата-аналар арасында жиі кездесетін бір қателікке — маса торына (москитная сетка) сеніп қалуға — ерекше тоқталды.

«Сіз өзіңіз сол торды шүберекпен сүртіп көріңізші — ол бекіткіштерінен оңай түсіп қалады. Сондықтан оны қауіпсіздік құралы ретінде қарастыруға болмайды», — деп ескертті офицер.

Ол қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін терезелерге арнайы құлыптар, бекіткіштер мен берік материалдан жасалған заманауи «көрінбейтін» торларды қолдануға кеңес берді.

Сондай-ақ, Сұлтан Зейноллин су айдындарының да аса қауіпті екенін атап өтті.

«2025 жылдың басынан бері суға кетудің 14 оқиғасы тіркелді, оның 10-ы шомылу маусымында орын алды. Қайтыс болғандардың жетеуі — жасөспірімдер», — деді ол.

Көп жағдайда балалар су жағасында ересектердің қарауынсыз болады екен.

«Біз 7-ден 17 жасқа дейінгі балалардан құралған топтарды бірнеше рет кездестірдік. Олар велосипедпен немесе автобуспен келіп, тыйым салынған карьерлер мен көлшіктерге барады. Біз оларға: “Сендерге бұл жерге келуге кім рұқсат берді?” деп сұрағанда, олар: “Ата-анамыз жіберді” деп сенімді түрде жауап береді», — деді ТЖ өкілі.

Оның айтуынша, Қарағандыда ресми түрде шомылуға рұқсат етілген орындар — қалалық коммуналдық жағажай және төрт жекеменшік демалыс аймағы: «Горизонт», «Кемпинг», «Яхтклуб» және «Ева».

«Облыстағы қалған 23 су айдынында шомылуға тыйым салынған. Егер су айдынында буйлар, құтқарушылар, медпункт және тексерілген түбі болмаса — демек, ол жерде шомылуға болмайды», — деп атап өтті ол.

Ережелерді бұзған жағдайда әкімшілік айыппұл қарастырылған.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес, ескерту қарастырылмаған. Протокол бірден айыппұл түрінде рәсімделеді — 13 762 теңге, ал жеті күн ішінде төленсе, жарты сомасын ғана өтеуге болады», — деп түсіндірді Зейноллин.

Ол рейдтердің апта сайын, әсіресе ауа райы ыстық болғанда — демалушылардың саны артқан кезде жиі жүргізілетінін айтты. Тексеруге ТЖ қызметкерлері, полиция және еріктілер қатысады.

«Біз халыққа бір қарапайым шындықты жеткізу үшін барлық ресурстарды жұмылдырып жатырмыз: су мен терезе — жайлылық аймағы ғана емес, сонымен қатар қауіп жоғары аймақ. Ал балаларымыздың және өзіміздің қауіпсіздігіміз — өз қолымызда», — деп түйіндеді аға офицер.

Статьи по теме

Back to top button