
Теміртауда жеке секторды газға қосу жұмыстары жүріп жатыр
Теміртауда қаланы газдандыру бойынша ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Жоба 2020 жылы басталған және Соцқалашық пен «Отрадное» шағын ауданынан бастап, Оң жағалау мен АБВ ықшамаудандарына дейінгі барлық жеке секторды қамтиды. Жалпы 6 мыңнан астам тұрғын үйді табиғи газға қосу жоспарланған.
Қазіргі таңда 3,5 мыңнан астам үй иелері газға қол жеткізген, бұл жалпы жоспардың жартысынан артық. «QazaqGaz Aimaq» АҚ дерегінше, қосылуға 2600-ден астам техникалық шарт берілген.
Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде: жаңа газ тарату желілері мен реттеу пункттері орнатылып, жабдықтар сынақтан өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда тартылған желілердің жалпы ұзындығы 215 шақырымнан асады.
Қала әкімі Ғалым Әшімовтің айтуынша, газдандыру – Теміртау үшін стратегиялық маңызды жоба. «Бұл тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасап қана қоймай, экологиялық жүктемені де азайтады. Қазіргі уақытта мыңдаған отбасы заманауи және экологиялық таза отынға қосылу мүмкіндігіне ие», – деді қала басшысы.
Газбен қамту жүйесі үш кезектен және сегіз іске қосу кешенінен тұрады.
Бірінші кезек Соцқалашық пен «Отрадное» шағын ауданын қамтып, үйлердің шамамен 70 пайызы көгілдір отынға қосылған.
Екінші кезек Ескі қала мен Оң жағалауды қамтиды. Бұл аумақтарда құрылыс жұмыстары аяқталып, абоненттерді қосу кезеңі жүріп жатыр.
Үшінші кезек АБВ ықшамаудандары мен Достық төбесін қамтиды. Мұнда мердігер ұйымдар желілерді тартуды және қысым сынақтарын аяқтауда. Барлық жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.




