НовостиСоциальные темы

«Таза Қазақстан» республикалық сенбілігі аясында Қарағанды облысында 10 мың түп ағаш отырғызылды

Қарағанды облысы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жалпыұлттық сенбілікке белсенді түрде атсалысты. Экологиялық шараға аймақтың шамамен 30 мың тұрғыны қатысып, 70 гектар жер тазартылды. Сенбілік барысында 10 мың түп ағаш отырғызылды. Облыс аумағында көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойында орналасқан гүлзарда ағаш отырғызу акциясына қатысты.

Бұл аумақтағы бұрынғы жасыл желек тозып, жаңартуды қажет еткен. Осыған байланысты жол жиегіне қарағаш, ал гүлзардың ішіне қарағай көшеттері отырғызылуда.

– Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде жалпыұлттық сенбілік өтуде. Бұл жұмысты жүйелі түрде әрі жоспарға сай жалғастырамыз. Осы акцияға белсенді қатысқан барлық тұрғындарға алғыс білдіремін, – деді өңір басшысы.

Назарбаев даңғылындағы гүлзарға отандық тұқымбақтардан жеткізілген 50 түп қарағай көшеті егілді. Бұл көшеттер былтыр отырғызылған жасыл желекті толықтырмақ.

Жастар ресурстық орталығының волонтерлері Әділжан Сүйінүков пен Жансерік Жұманов бұл бағыттағы шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.

– Бүгін сенбілікке топ болып келдік. Бұрын осы аумаққа ата-әжелеріміз ағаш еккен екен, енді сол игілікті істі жалғастыру – біздің міндетіміз. Қарағандының әрқашан жасыл қала болып қалуын қалаймыз, – дейді еріктілер.

Сенбілік барысында Қарағанды қаласының өзінде шамамен 500 түп ағаш егілді. Қалада көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, оның ішінде өтемдік (компенсациялық) ағаш отырғызу да бар.

Жергілікті кәсіпкерлер де бұл бастамадан шет қалмай, өз нысандарының айналасына ағаш егуге белсене кіріскен.

Мәселен, Қазыбек би ауданында көктемде 1 260 түп ағаш отырғызылса, күзде оған қосымша 4 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Әлихан Бөкейхан ауданында да көгалдандыру шаралары белсенді жалғасып жатыр.

Биыл Қарағандыда жаңа алма бағының негізі қаланды. Қазіргі таңда 3 500 жабайы және жеміс беретін алма ағашы отырғызылды. Жақын арада бұл сан 5 000-ға дейін ұлғаймақ.

Саябақтар мен демалыс орындарын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қатар жүргізілуде. 15-магистраль бойына шамамен 600 түп қарағаш отырғызылып, болашақта бұл көрсеткіш 2 мыңға дейін артпақ.

Өтемдік ағаштар үш жыл бойы мердігер ұйымдардың бақылауында болады. Олар ағаш көшеттерінің жерсінуі мен өсуін тұрақты түрде қадағалап отырады. Ал жаңа отырғызылған алма бағы, гүлзарлар мен магистраль бойындағы жасыл желектерге саябақтар басқармасы күтім жасайды.

Академик А. С. Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университетінің аумағында да көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, демеушілердің қолдауымен жаңа жасыл аллея салынды. Мұнда 100 түп қайың, шетен және алма ағашы отырғызылды.

Home Credit Bank-тің шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі директорының орынбасары Самғат Айтжанның айтуынша, Қарағандыда экология мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Осы себепті қаржы ұйымы қаланы көгалдандыру ісіне өз үлесін қосуды ұйғарған.

Статьи по теме

Back to top button