
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абайда жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы соңғы кезеңге жетті.
Қарағанды облысының Абай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған жаңа полигон құрылысын жүргізу жұмыстары жүріп жатыр.
Құрылыс барысымен танысу үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысанға жұмыс сапарымен барды.
Бұл полигон облыстық бюджет қаражаты және қоршаған ортаны қорғау шаралары жоспары аясында салынуда. Ол Абай қаласынан шамамен 3 шақырым жерде орналасқан.
Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын полигон 25 жылға есептелген. Мұнда жыл сайын 15 мың тоннаға дейін қалдық сұрыпталмақ.
Полигон заманауи қоқыс сұрыптау технологиясымен жабдықталған, ол қайта өңдеуге жарамды материалдарды тиімді бөлуді қамтамасыз етеді. Құрал-жабдықтар Қазақстанда өндірілген.
Алдағы 5 жыл ішінде полигон «Ресайклинг Сервис» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына беріледі. Компания директоры Айтпану Омарова қызметкерлерге арналған қауіпсіз және ыңғайлы еңбек жағдайларын атап өтті: заманауи ғимарат, жаңа техникалық құралдар және абаттандырылған жұмыс орындары бар.
— Қоқыс сұрыптау бүгінгі таңда тек заманауи үрдіс емес, сонымен қатар өмірлік маңызды талап. Бұл жоба қоршаған ортаға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, қалдықтарды тиімді өңдеуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Полигон іске қосылғаннан кейін көмуге жіберілетін қалдық көлемі едәуір төмендеп, өңірдің экологиялық қауіпсіздігі күшейеді.




