
«Таза Қазақстан» аясында Абай ауданында заңсыз қоқыс үйінділерін тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Абай ауданында жыл басынан бері 76 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Қазір бұл жұмыс «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалғасып жатыр.
Тамыз айының соңында Құрма және Жартас ауылдарынан 36 мың текше метрден астам қалдық шығарылып, елді мекендер экологиялық және санитарлық талаптарға сай келтірілді.
Тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындар белсенді қатысуда. Сенбілікке 200-дей адам атсалысып, 24 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 56,6 гектар аумақ тазартылып, 58 қоқыс үйіндісі жойылды. Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтар үшін 10 контейнер орнатылып, ағаштар мен бұталар отырғызылды. Жалпы 25 рейд жүргізілді.
Рұқсатсыз қоқыс орындарын анықтауға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы көмектесуде. Ғарыштық бақылау арқылы ауданда 26 заңсыз қоқыс орны тіркелді. Қазіргі таңда Құлайғыр, Қарабас, Құрма, Жұмабек және Жартас ауылдарындағы тоғыз қоқыс үйіндісі жойылып, тағы 10 жерде тазалау жалғасуда.
– Ғарыштан алынған деректерге сәйкес, ауданда 26 заңсыз қоқыс орны анықталды. Дегенмен кейбір координаттар нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Мәселен, Южный мен Қарабас кенттерінде көрсетілген жеті қоқыс үйіндісі жергілікті жерде жоқ болып шықты. Ал жаңа қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу мақсатында ауданда заманауи қоқыс полигонының құрылысы жүріп жатыр. Оның ашылуы осы күзге жоспарланған, – деді Абай ауданы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Азамат Бақтыбай.
Бұдан бөлек, аудан тұрғындарымен кері байланыс «Таза Қазақстан» платформасы арқылы жолға қойылған. Осы жүйе арқылы азаматтар көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты шағымдары мен ұсыныстарын жолдай алады. Жыл басынан бері 128 өтініш қабылданып, барлығы қаралып, тиісті шешімдер қабылданған.




