
«Таза Қазақстан»: қарағандылық оқушылар қалаға көрік беріп, жасыл кеңістікті көбейтіп жатыр
Қарағандыдағы мектеп оқушылары ұлттық «Таза Қазақстан» жобасы аясында өткен экологиялық акцияға белсенді түрде атсалысты. Олар қала аумағында тікенқұмық, шие, ақ және қалың гүлді мамыргүл мен бөріқарақат көшеттерін отырғызды.
Мамандардың айтуынша, таңдалған ағаш және бұта түрлері Қарағандының қатал ауа райына төзімді, сондықтан қала табиғатына сәтті бейімделе алады.
Акцияға Қарағанды қаласындағы №3 гимназияның 6 «В» сынып оқушылары қатысты. Шараны Орталық Азияның тұрақты даму қоры — Creative Innovation Institute ұйымдастырып, қала әкімдігі қолдау көрсетті.
— Мұндай шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Қаламыздың тазалығы мен көркем келбеті өз қолымызда екенін жақсы түсіндік, — деп әсерлерімен бөлісті оқушылар.
Көктем мезгілінде 60-тан аса көшет отырғызылса, қыркүйекте тағы 50 ағаш егілді. Осылайша барлығы 110 жасыл өсімдік Қарағандыны көркейтіп, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға сеп болмақ.
— Бұл шара — балаларымыздың болашағы мен бүгінгі өміріне тікелей әсер етеді. Біз Қарағандыны жасыл желекке толы, жайлы әрі ауасы таза қала ретінде көргіміз келеді, — деді сынып жетекшісі Марат Молдашев.
Экологиялық акция — Тұрақты даму қорының кешенді бастамаларының бірі. Қор экологиялық сауаттылықты арттыру, арнайы әдістемелерді дайындау және ағаш отырғызу секілді нақты істерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.




