Хабар

Тұмау тиген баланы серуендеуге шығаруға бола ма?

Әдетте, ауырып қалған бала балабақшаға немесе мектепке бармайды және далаға ойнауға шықпайды. Себебі осыған дейін ауырып тұрған баланы жылы жерде ұстау керек деп саналды: ата-ана терезені ашуға қорқып, жемпір мен жүн шұлықты шешуге рұқсат бермейтін. Ал қазір жөтеліп тұрса да, далада ойнап жүрген балаларды жиі байқауға болады? Ендеше, тұмау кезінде баланың серуендеуіне бола ма? Әлде бұл оның жағдайын одан бетер нашарлата ма?

Вирустық инфекция кезінде баланы жылы, желдетілмеген бөлмеде ұстау оны далаға шығарудан гөрі қауіптірек. Алдымен ауырып жүрген баланы серуендеуге шығарудың пайдасына тоқталайық:

  • Күннің көзі. Ультракүлгін сәулелер табиғи жолмен вирустарды көбею мүмкіндігінен айырады;
  • Ауа. Үйдің ішіндегі тымырсық ауадан гөрі даладағы таза ауа жақсы. Ол жасушаларды оттекпен қандырып, бас ауруын кетіреді. Оған қоса, бала даладан үйге кірген соң таза ауаның себебінен жақсы ұйықтайды. Ол өз кезегінде оның жылдам жазылуына әсер етеді. Сондай-ақ таза ауа қақырықты шығаруға көмектеседі, сондықтан бала ауырғаннан кейін далаға бірінші рет шыққан күні қатты және ұзақ жөтеледі. Бұл жағдайдан қоқудың қажеті жоқ: ауа өкпенің шырыштан құтылуына көмектеседі. Ағашы көп жерде серуендеген жақсы. Бұл уақытта үйдегі терезелерді ашып кеткен жөн;
  • Қозғалыс. Қозғалыс кезінде, тіпті, бала жай жүрсе де қан айналым мен зат алмасу жақсарады, сәйкесінше, ағза зиянды заттардан жылдам құтыла бастап, бала тез емделеді. Ауырып жүрген бала далада белсенді ойындар ойнамағаны жөн;
  • Көңіл-күй. Күннің көзі, ауа, орын өзгерту, табиғатпен араласу, жаңа әсерлер — мұның барлығы балаға жағымды сезімдер сыйлайды. Ал көңіл күйдің көтеріңкі болуы оның жылдам жазылуына ықпал етеді;
  • Иммунитет. Серуендер иммунитетті қатайтып, вирусті жылдам жеңуге көмектеседі.

Дегенмен, тұмауратып қалған баламен серуендеудің ережелері бар. Әр баланың ағзасы өзінше ерекше болғандықтан, әр баланың басынан ауру түрліше өтеді. Сондықтан бала ауырып қалған кезде оны дәрігерге көрсетіп, бірден оны далаға шығару не шығармау жайлы кеңесін сұрап алған жөн.

Тұмау белгілері бар баламен қалай дұрыс серуендеу керек?

Егер бала өз еркімен далаға шыққысы келмесе, ауырып тұрған баланы қинап шығарудың қажеті жоқ. Әйтпесе, бала киінгісі келмейді, жай қозғалады, себепсіз жылай беруі де мүмкін. Мұндай негатив эмоциялар оның емделуін тоқтатып тастайды, себебі кей жағдайда күйзеліс себебінен температура мен тұмаудың басқа да белгілері қайта оралады.

Серуенге достарсыз және таныстарсыз шығыңыз. Өкінішке орай, басқа балалармен, олардың ата-аналарымен, тіпті, кездейсоқ адамдармен кездесу екі жаққа да қауіпті. Тұмаумен ауырып жүрген адам басқаларға бастапқы 5-7 күн бойы жұқтыра алады. Оған қоса, ауырып жүрген баланың иммунитеті өте әлсіз, сондықтан ағзаға түскен кез келген вирустар немесе бактериалдық жұқпалар аурудың жаңа кезеңіне әкеледі. Сондықтан адамдар көп жиналатын жерлерге бармаған жөн.

Баланы ауа райына сай киіндіріңіз. Баланы қатты қалың немесе өте жеңіл киіндіруге болмайды. Ауа райына сай киіндіріп, сөмкеңізге қосымша жемпір немесе шарф салып алуға болады. Аяқ киімнің рөлі маңызды: ол су өткізбейтін және жылы болуы керек.

Тұмауратқан баланы мына жағдайларда далаға шығаруға болмайды:

  • 37,5 °С-дан жоғары температура;
  • Әлсіздік, тоңу;
  • Төсек режимі;
  • Суық ауа райы (ыстық, аяз, жаңбыр, жел).

massaget.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button