Новости

Шет ауданында жүргізілген археологиялық экспедиция өз жұмысын аяқтады: маусым айындағы маңызды жаңалықтар

Қарағанды облысындағы Талды тарихи-археологиялық паркінде орналасқан Байқасқа-2 қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары аяқталды. Зерттеу жұмыстарын «Археологиялық зерттеулер» ЖШС мамандары, Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қолдауымен жүзеге асырды.

Сырт көзге жай ғана төбешікке ұқсайтын бұл қорғанның астынан археологтар күрделі құрылым тапты. Қазба барысында үлкен тас тақталармен жабылған массивті тас жәшік, тас пен балшықтан тұрғызылған сыртқы қабырғалар және шеңбер құрап орналасқан күшті тас белдеулер анықталды. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай құрылымдар ежелгі заманда ерекше дәрежеге ие адамдарды жерлеу үшін салынған.

– Бұл — өңіріміз үшін өте сирек кездесетін археологиялық ескерткіш. Әсіресе маңдай тұсынан тесілген бас сүйек сынығы ерекше назар аудартады. Мұндай олжалар Орталық Қазақстанда өте сирек кездеседі. Бұл жерлеу рәсіміне байланысты ғұрыптың белгісі немесе марқұмның ерекше әлеуметтік мәртебесін білдіруі мүмкін, – деді «Археологиялық зерттеулер» ЖШС өкілі Анвар Каримов.

Маусым айында табылған маңызды жәдігерлер қатарында адам және жануар сүйектері, қола мен мүйізден жасалған жебе ұштары, өрнекті керамика бұйымдары бар. Сонымен қатар, қорғанның батыс жағынан кейінгі кезеңге жататын 11 жерлеу орны анықталды. Бұл аймақтың ежелден-ақ қасиетті орын болғанын көрсетеді.

Экспедицияның нәтижелері Сарыарқаның кең даласы әлі де көптеген тарихи құпияларды бүгіп жатқанын тағы бір рет дәлелдеді. Жаңа археологиялық олжалар көне көшпенділердің мәдениеті мен өмір салтын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Back to top button