Новости

Шахтинсктегі Оқушылар сарайында автокартинг және VR-технологиялар бағытындағы жаңа үйірмелер ашылады

Жаңа оқу жылынан бастап Шахтинск қаласының №2 Оқушылар сарайында балаларға арналған жаңа үйірмелер іске қосылады. Енді оқушылар картинг жүргізуді үйреніп, виртуалды шындық (VR) технологияларымен жұмыс істеуді меңгере алады. Бұл сабақтар балалардың техникалық ойлауын дамытып, болашақ кәсіби бағыттарына жол ашады.

Автокартинг үйірмесі «Тарлан» жобасы аясында ашылады. Үш ай ішінде арнайы автокартодром дайындалып, Сарай аумағы абаттандырылып, гараждар жөнделді, жаңа асфальт төселді. Қазір 10 карт, керек-жарақтар және 8 гараждан тұратын база толық жабдықталған. Үйірмеге 10–12 және 12–17 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бағдарламада жүргізу машығынан бөлек, техника негіздері мен жол ережелері де қамтылған. Үйірмеге жазылу 15 қыркүйекте басталады.

Картинг – Шахтинск үшін дәстүрлі және сұранысқа ие спорт түрі. Бұл салада 20 жылдан астам тәжірибе мен қажетті база бар.

Қазір Оқушылар сарайында 4 пен 18 жас аралығындағы 2000-нан астам бала 147 үйірмеде білім алады. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қорының қолдауымен инженерлік-техникалық бағыттағы үйірмелердің материалдық базасы жаңартылып, STEM-жабдықтар мен робототехника, автокәсіпке арналған құралдар сатып алынды. Биыл VR-технологиялар мен телестудия сынды жаңа бағыттар да іске қосылады.

Статьи по теме

Back to top button