
Шахтинск қаласында газдандыру және инфрақұрылымдық жобалар қарқын алуда
Шахтинск қаласында газдандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда газ тарату станциясы мен магистральдық желілердің құрылысы аяқталған. Қазір ішкі кварталдық жүйелер тартылып жатыр. Жақын арада қала тұрғындары көгілдір отынды тұтынуға мүмкіндік алады. Келесі кезеңде газ Северо-Западный елді мекеніне жеткізілмек.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала тұрғындарымен кездесіп, Шахтинск пен оған жақын елді мекендердің маңызды мәселелерін талқылады.
Кездесуде тұрғындар коммуналдық қызметтердің сапасы, жолдардың жағдайы, көше жарығы, балалар және спорт алаңдарының жетіспеушілігі, сондай-ақ тазалық пен қоғамдық тәртіп мәселелерін көтерді.

– Газдандыру – қала үшін ең өзекті жобалардың бірі. Бұл – тұрғындар көптен күткен мәселе. Біз бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деді өңір басшысы.
Әкім сондай-ақ жылыту маусымына дайындық барысы жіті бақылауда екенін атап өтті. ЖЭО-да үш қазандық пен бір турбина күрделі жөндеуден өтіп жатыр, негізгі жабдықтар жаңартылуда.
Бұған қоса, Шахтинскіде бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ал Шахан кентінде екі көпқабатты үйдің кіреберістері жөнделуде – бұл пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Жыл соңына дейін 85 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді. Сонымен қатар, қалада алғаш рет жеке инвестиция есебінен көпқабатты тұрғын үй салу жобасы басталды.

Ауызсумен қамту – басым бағыттардың бірі. Өткен жылы су құбырларын жаңартудың екінші кезеңі аяқталса, үшінші кезең аясында 49,4 шақырым құбырдың 34 шақырымы тартылған. Новодолинский кентінде де су жүйесінің құрылысы басталды.
Кәріз желілерінің тозуына байланысты арнайы жоба әзірленіп, келесі жылы іске асырылмақ.
Көлік инфрақұрылымына қатысты да маңызды жұмыстар жүргізілуде. Қарағанды – Саран – Шахтинск тасжолы жаңғыртылуда. Долинка кентінде жолдарға асфальт төселеді. Сонымен қатар, Шахтинск, Шахан және Новодолинский елді мекендерінде 7 шақырым жол жөнделуде.
Қала тұрғындары стадионға апаратын жолды қалыпқа келтіруді сұрады. Бұл мәселе биыл шешіліп, жолға асфальт төселетін болады. Жыл соңына дейін қала мен ауылдарда 940 жаңа көше жарығы шамы орнатылады.
Абаттандыру жұмыстары шеңберінде биыл Шахтинск және оған қарасты елді мекендерде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 20 балалар ойын алаңы орнатылады. Сонымен қатар, Новодолинскийде үш спорт алаңы жөнделді. Жыл соңына дейін бес футбол алаңы жаңартылып, келесі жылы қалған алаңдар да жөнделмек.
Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынды және оларды кезең-кезеңімен шешу жоспарлануда.
Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.




