
Сауда министрі Арман Шаққалиев Қарағанды облысына сапарында базарларды жаңғырту барысын тексерді
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып, өңірдегі базарлар мен өзге де сауда нысандарының жағдайын көріп, олардың жаңғыртылу деңгейімен танысты.
Сапар барысында министр бірнеше базарды аралап, инфрақұрылымның жаңартылу процесін бағалап, алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты. Ол базарларды заманауи стандарттарға сәйкестендіру – уақыт талабы екенін атап өтті.
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін еліміздегі барлық базарлар заманауи стационарлық сауда нысандарына көшірілуі тиіс. Бұған дейін бұл талап үш мәрте кейінге шегерілген, алайда енді бұл мерзім соңғы және қайта өзгертілмейді.
Қарағанды облысында жаңғыртуды қажет ететін бес базар бар. «Шығыс» базарында қайта құру жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр, нысан 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі. «Тұлпар» базарының аумағында халыққа қызмет көрсету орталығы мен автодром салынуда. Ал «Алтын арба» базары 20 мың шаршы метрден астам аумақта жаңа сауда үйін салуды жоспарлап отыр, құрылыс жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында басталмақ. «Горняк» базарында жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. «Қайрат» базары қызметін тоқтатқандықтан, оның аумағы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Министр сауда орындарын инженерлік инфрақұрылымға қосу, жобаларды келісу және қаржыландыру мәселелері әлі де толық шешілмегенін айтты. Бұл ретте негізгі жауапкершілік базар иелеріне жүктеледі және жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін ескертті.
Сапар аясында Арман Шаққалиев өңір тұрғындары мен кәсіпкерлермен кездесті. Азаматтарды жеке қабылдап, бизнес өкілдеріне арналған мемлекеттік қолдау тетіктері – пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мен несие кепілдіктері туралы ақпарат берді. Қарағанды облысында қазіргі уақытта жалпы саны сегіз жоба мақұлданса, оның алтауы – инвестициялық бағыттағы жобалар.
Министр сондай-ақ 2026 жылдан бастап еліміздегі барлық тауар айналымына қатысушылар үшін Ұлттық тауар каталогын пайдалану міндетті болатынын мәлімдеді. Бұл бастама сауда саласын цифрландыруға серпін беріп, үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қаржылай қолдаумен қатар, министрлік экспорттық бағытта да кешенді шараларды қолға алуда. 2025 жылға арналған Экспорттық акселерация бағдарламасы аясында еліміз бойынша 120 компания іріктеліп, олардың 10-ы Қарағанды облысынан таңдалған. Бұл кәсіпорындарға сыртқы нарықтарға шығуға дайындық бойынша оқыту, кеңес беру және нақты қолдау шаралары ұсынылады. QazTrade ұйымымен бірлесіп, шетел нарығын зерделеу, серіктестер табу және өнімді ілгерілету бойынша қолдау көрсетілуде.
Арман Шаққалиев базарларды жаңғырту барысы Парламенттің жіті бақылауында екенін баса айтты. Егер сауда орындары белгіленген мерзімге дейін талаптарды орындамаса, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті базар қызметі тоқтатылуы мүмкін.
– Біздің мақсат – базарларды тек қайта жаңғырту ғана емес, сонымен қатар сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау. Бұл – халықтың өмір сүру сапасы мен өркениетті сауданың дамуына тікелей әсер ететін маңызды жұмыс, – деді министр.
2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Қарағанды облысының ішкі сауда айналымы 2,38 триллион теңгеге жетіп, республикалық көрсеткіштің 6,3 пайызын құрады.




