Новости

Саранда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Мәңгілік алауға» тағзым рәсімі өтті

2025 жылғы 9 мамырда Саран қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай дәстүрлі түрде «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл шараға қала әкімдігі, қалалық мәслихат, ардагерлер ұйымы, қоғамдық кеңес, сот, прокуратура, полиция, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, төтенше жағдай жөніндегі бөлім, денсаулық сақтау ұйымдары мен шаһардағы бірқатар өндірістік кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, шеруге мектеп оқушылары, студенттер, белсенділер және қала тұрғындары да қатысып, тәртіпті полиция қызметкерлері қадағалады. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі азалы марштың әуенімен жүргізілді. Салтанатты шара барысында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің солистері мен ұжымдарының қатысуымен қала тұрғындары үшін соғыс жылдарындағы және бейбітшілік пен достық, өркендеу мен туған жерге деген махаббат тақырыбындағы заманауи сүйікті әндер шырқалған арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, биылғы жылы шаһарда «Батырларға тағзым» атты онлайн-акция ұйымдастырылды. Бұл акцияға қала тұрғындары белсенді қатысып, әлеуметтік желілерде соғыс ардагерлерінің туысқандарының фотосуреттерін ұсынды. Айта кету керек, қала тұрғындары бұл онлайн акцияға қолдауда белсенділік танытты, себебі шаһарымызда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар туралы фотосуреттер мен мұрағат материалдары сақталған отбасылар қатары аз емес. Саран қаласындағы «Мәңгілік алау» — соғыс құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында қойылған тоқтаусыз лаулап тұратын от. Үздіксіз жанып тұратын жалын газбен жұмыс жасайды. «Мәңгілік алау» соғыс символдарына жататын болған соң, жыл сайын халық алау маңына гүл шоқтарын қояды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық шарада Сарандықтар етігіне қан толып, толарсағымен саз кешкен жылдары оқ дауылының ішінде аттан салған жауынгерлер мен шейіт болған талай боздақтарды еске алып, рухтарына тағзым етті.

Back to top button