
Саран қаласында су құбыры және кәріз желілері кең көлемде жаңартылып жатыр
Қарағанды облысындағы Саран қаласында кәріз жүйесі мен су құбыры желілері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бұған дейін кәріз жүйесі мүлде болмаған аудандарда да жаңа желілер тартылуда.
Кәріз инфрақұрылымын жаңғырту екі жылға жоспарланған. Қазіргі таңда жұмыстар «Горняк» шағын ауданында қолға алынған. Құбырлар көлденең бұрғылау әдісімен төселуде, бұл жол төсемін қазбай-ақ, жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді.
Келер жылы бұл жұмыстар «Химик» шағын ауданында жалғасады. Қазіргі уақытта осы аймаққа қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Су құбыры жүйесін жаңарту жобасы үш жылға есептелген. Биыл оның аясында 92 шақырым құбыр ауыстырылуы тиіс, соның 60 шақырымы төселіп қойды. Қалған 32 шақырым күзге дейін жаңартылмақ.
Сонымен қатар, Саран қаласында су көтеру нысанының да жаңғыртылуы басталды. Қазір ішкі су жүйелері, сорғылар және басқа да құрылғылар жаңартылып, заманауи датчиктер орнатылды. Электр қуатын тұрақты жеткізу үшін трансформаторлық қосалқы станциялар мен тарату жүйелері де толығымен жаңартылуда.
— Жаңа жүйе қаланы үздіксіз сумен қамтамасыз етуге жол ашады. Бұрын ескі электр желілері мен трансформаторлар жиі істен шығып, су беру тоқтап қалатын, — деп мәлімдеді Саран қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Думан Алимжанов.
Жөндеу жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін негізінен түнгі уақытта атқарылуда.





