Новости

Саран қаласында Samsung тұрмыстық техникасын шығаратын зауыт іске қосылды

Қарағанды облысы, Саран қаласындағы Silk Road Electronics зауытында Samsung брендімен теледидарлар мен кір жуғыш машиналарды шығару ресми түрде басталды. Биыл зауыт 17 түрлі кір жуғыш машина мен 21 теледидар моделін өндіруді жоспарлап отыр.

Бұл жоба Қазақстан Үкіметі, Қарағанды облысы әкімдігі және Samsung компаниясы арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асты.

— Президентіміздің инвестиция тартуға бағытталған саясаты нақты нәтижесін беріп отыр. Бұл жоба өңірге жаңа технологиялар әкеліп, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасайды. Жобаның іске асуына атсалысқан баршаға алғысымды білдіремін, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Зауытта шығарылатын кір жуғыш машиналар заманауи инновациялық функциялармен және SmartThings экожүйесімен жабдықталған. Бұл жүйе арқылы пайдаланушылар құрылғыларды қашықтан басқарып, тиімді жуу бойынша кеңестер ала алады.

Сондай-ақ зауытта Crystal UHD 4K, FHD және HD форматындағы жоғары ажыратымдылықтағы Smart TV теледидарлары өндірілуде. Олар сапалы кескін, стриминг платформаларға қолжетімділік және ақылды үй жүйелерімен үйлесімділігімен ерекшеленеді. Болашақта QLED үлгілерін өндіру жоспарланып отыр.

— Samsung Қазақстанда 1990-жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Бұл өндіріс – еліміздегі алғашқы Samsung зауыты. Компанияның болашағына қатысты үлкен жоспарлары бар. Samsung штаб-пәтерінің өкілдері өндіріс процесін жіті қадағалап, сапа бақылауын қамтамасыз етеді, — деді Samsung Electronics Орталық Еуразия президенті Юджин Чун.

Зауыттың өндірістік желілері заманауи технологиямен жабдықталған және Samsung компаниясының сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл дайын өнімнің жоғары сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеді.

Жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық реформалары мен инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі саясаты аясында жүзеге асты. Ел Үкіметі Кореямен әріптестікті нығайта отырып, жоғары технологиялық өндірістерді жергіліктендіруге жағдай жасауда.

— Енді отандастарымыз өз елімізде өндірілген Samsung техникасын пайдалана алады. Бұл Қазақстанның индустриялық дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам, — деп мәлімдеді Silk Road Electronics зауытының директоры Александр Критский.

Жоба Қазақстанның Индустрияны дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды және Қазақстан мен Корея арасындағы серіктестікті нығайтудың маңызды кезеңі болды.

Зауыттың ашылу салтанатына ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев қатысты. Ол бұл бастаманың жалғасын табатынын және болашақта өндірілетін өнім түрлері кеңейетінін атап өтті.

Back to top button