
Данияр Кемербаев – Қарағанды облыстық «Әнет Баба» мешітінің ұстазы
Ораза жайлы толыққанды айтып берсеңіз..
– Келіп жеткен қасиетті айлардың бірі, ұлық айлардың бірі, «Рамазан» айы баршаңызға құтты, берекелі болсын! Баршамыз білетін, көп қолданылатын «Ораза» сөзі кең тақырып. Жалпы, «Ораза» сөзі парсы тілінен енген сөз. Қазақша баламасы «Ауыз бекіту». Оразаның парыз екендігі жайлы көп айтылатын аят бұл, «Бақара» сүресінің 183 аяты. Оразаны дұрыс тұтқан кезде адам өзін жақсылыққа тақуалыққа, ізгілікке жетелеу керек. «Тақуалық» сөзі Құдайдан қорқу деген мағынаны білдіреді. Қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Құдайдан қорыққан адамның бойында иман мен адамгершілік және ізгі, инабатты, ұятты осындай жақсы сипаттар болады.
Оразаның түрлеріне тоқталсақ..
– Оразаның үш түрі бар: 1. Парыз ораза – «Парыз» сөзінің анықтамасы – міндетті түрде орындалу керек болған амал. «Рамазан» айы келген кезде әрбір ақыл есі дұрыс, балиғат жасқа толған мұсылман ер мен әйелге парыз. Сондақтан, Парыз оразаны ұстау міндетті. 2. Уәжіп ораза – Шариғатта «Нәзір» деп айтылады. Бұл түсініктің мағынасы Уәде деп айтылады. Бірақ, бұл қандай да бір шартпен, мысалы, алдағы уақыттарда емтихан келе жатыр немесе адам баласының өмірінде бір қиыншылықтар, сынақтар болып жатуы мүмкін, сол кезде «Иә, Алла мен осы айда мен алдағы емтиханнан аман-есен өтіп кететін болсам, мен сол үшін 3 күн ораза ұстаймын деп уәде береді. Бұл Уәжіп деңгейінде міндет болады. Яғни, бұл парызға жақын. Сондай-ақ, басына бір қиындық түскен адам қиындығынан арлыу үшін белгілі бір көлемде садақа беремін деп кез-келген бір амалды айту бұл, «Нәзір» деңгейінде есептеледі. Сол сияқты, ораза ұстаймын деп уәде берілсе, оны «Рамазан» айынан тыс уақыттарда ұстау керек. 3. Нәпіл ораза – істесе сауап, істемесе ешқандай күнәсі жоқ амал. Бұл көбінесе дүйсенбі және бейсенбі күндері сүннет етіп ұстап жүрген жандар бар. Басқа айлардың 13-14 күндері ұстау осы «Нәпіл» оразасы болып есептеледі.
– Оразаның негізгі хикметтеріне тоқталып өтсек.
Оразаның негізгі мақсаты – жаман қылық, әдеттерден тыйылу. Ал, басты хикметі үш деңгейімен белгілі. 1. Ең төмен. Ішіп, жеуден тыйылу. 2. Дене оразасы, яғни, көзді, құлақты, тілдің тыйылуы. 3. Жүрек оразасы. Толығымен рухани, Құдай тағалаға байланған ішкі жан дүниесіндегі тәкаппарлық, қызғаншақтық, көреалмаушылық деген секілді жаман қылықтардан арылуы адамның. Бұл өте маңызды үрдіс. Оразадағы жақсы әдеттерге бейімделу ғылым мен білімге көңіл бөлу. Кем дегенде бір кітап оқысақ оның өзі бір нығымет болатыны мәлім.