
Президент халықаралық мектеп олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін наградалады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық мектеп олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, оларға марапаттарын табыс етті. Олардың қатарында Жапония, Тайланд және Қытай елдерінде медаль жеңіп алған үш қарағандылық оқушы бар, барлығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбиеленушілері.
Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сұлтанби Исатай Пекин қаласында өткен жасанды интеллект бойынша олимпиадада алтын медальға ие болды. Бұл жарысқа әлемнің 60-тан астам елінен 300-ден аса оқушы қатысты.
Сұлтанби олимпиаданың екі кезеңнен тұрғанын айтып өтті: бірінші кезең – үй тапсырмасы ретінде өтті, ол жалпы есепке қосылмады және дайындық мақсатына қызмет етті. Екінші кезең – екі турдан тұратын тікелей сайыс болды, әр тур шамамен алты сағатқа созылып, қатысушыларға жасанды интеллекттің үш негізгі саласы бойынша – компьютерлік көру, мәтіндік мәліметтерді өңдеу және кестелік деректермен жұмыс істеу тапсырмалары берілді. Ең нәтижелі модельді жасаған қатысушы жоғары ұпай жинады.
Тағы бір алтын медальді Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Талғат Байбосынов Тайландтың Бангкок қаласында өткен XXI Халықаралық география олимпиадасында (IGeO-2025) жеңіске жетті. Ол олимпиаданың үш кезеңінен – жазбаша тест, мультимедиялық тапсырмалар және дала кезеңінен сәтті өтті. Талғат дала кезеңін ең күрделі деп атап өтті, ол Ко Крет аралында нақты табиғи жағдайда өткізіліп, қатысушылардан жер пайдалану деректерін жинау, жергілікті ерекшеліктерді анықтау және туристік әлеуетті бағалау талап етілді.
Жапонияның Токио қаласында өткен AIMO-2025 математика олимпиадасында қола медальді Қарағанды НЗМ оқушысы Аида Ерланова иеленді. Аида олимпиадаға өз еркімен, портфолио жинау мақсатында қатысқанын және дайындықты мектептен тыс, мұғалімдерсіз өткізгенін атап өтті. Ол мектепте алған білімінің көмегі зор болғанымен, тапсырмаларды шешудің алгоритмін түсіну маңызды болғанын айтты. Тапсырмалар мектеп бағдарламасынан әлдеқайда күрделі болғанымен, шешу әдісін меңгерген соң олар жеңілдеген.
Қазір Аида Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сыныбына көшуге дайындалып жатыр және болашақта қаржы саласында жұмыс істегісі келеді.

Ақордада жалпы 24 лауреат марапатталды, оның ішінде 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері бар. Медальдар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндері бойынша берілді. Мемлекет басшысы алтын, күміс және қола медальдар иегерлеріне сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сертификат тапсырды.



