
Президент наркотизммен күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде елімізде және жаһандық деңгейде өзекті болып отырған наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Жиын барысында нашақорлық тек медициналық немесе қылмыстық проблема ғана емес, ауқымды әлеуметтік, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде бағаланды.
Кеңесте Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысы Жанат Элиманов өз салалары бойынша баяндама жасады.
Президент қазіргі таңда бұл дерттің кеңінен таралуы қоғам үшін аса алаңдатарлық жағдайға айналғанын атап өтті.
– Наркотизм – бұл жай ғана есірткіге тәуелділік емес, бүкіл қоғамға қауіп төндіретін құбылыс. Ол жастарымыздың болашағын тұмшалап, ұлт денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Көптеген мемлекеттер бұл мәселені тек тәуелділікпен күрес емес, кешенді қоғамдық және құқықтық мәселе ретінде қарастырып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылардың пікірінше, «наркотизм» ұғымы нашақорлықтан әлдеқайда кең мағынаны қамтиды – ол ұлттық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін күрделі құбылыс.
Президент есірткіге тәуелді адамдардың көпшілігі мен олардың жақындары мәселені жариялаудан қорқатынын айтты. Бұл жағдай ем-дом шараларының қолжетімділігін төмендетеді. Осы орайда, мемлекет есірткі тұтынушыларымен жұмсақ, ал оны таратушыларға – қатаң әрі ымырасыз ұстаным ұстауы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы есірткіге қатысты мәліметтерді жинау мен талдау тетіктерін жетілдіру, химиялық заттардың айналымын бақылауды күшейту қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Қазіргі таңда интернет пен медиа кеңістікте есірткі мен ішімдікті насихаттайтын теріс үрдістер белең алып отыр. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды, – деді Президент.
Отырыс барысында құқық қорғау органдарына есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жедел әрекет ету, жазалау шараларын күшейту тапсырылды.
Мемлекет басшысы трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, есірткі өндіретін жасырын зертханалар мен сауда нүктелерін әшкерелеу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ күмәнді қаржы айналымын бақылауға алу керектігі айтылды.
Президент есірткіге қарсы күресте бүкіл қоғамның жұмылуы маңызды екенін баса айтты. Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға және құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық штабты Ішкі істер министрлігінің құзырынан шығарып, Үкімет деңгейіне көтеруді тапсырды. Бұл шара салааралық өзара іс-қимылды күшейтіп, кешенді күрес жүргізуге жол ашады.
