
Президент бюджетті жоспарлау бойынша жиын өткізді
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ұлттық экономика мен бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша жиын өтті. Оған Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.
Кездесу барысында ұлттық экономиканың қазіргі жағдайы мен даму мүмкіндіктері талқыланып, 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері ұсынылды.
Мемлекет басшысы қаржыны республикалық және жергілікті деңгейде тиімді жоспарлап, бөлудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол бюджеттің теңгерімді болуын, әлеуметтік міндеттемелер мен өңірлердің ұзақмерзімді жоспарларын қаржыландыруды, сондай-ақ қаражатты мақсатты және тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.
