
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла шағын форматта келіссөздер өткізді.
Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла делегация мүшелерін бір-біріне таныстырып, ресми рәсім барысында Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берді, қос елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Бұдан кейін екі ел көшбасшылары келіссөз өтетін залға өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келгені үшін Иордания Короліне алғыс білдіріп, жыл басындағы Амманға жасаған сапарын жылы ықыласпен еске алды.
– Ұлы мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің бұл сапарыңыз біз үшін ерекше маңызға ие. Бұл елімізге алғашқы сапарыңыз емес. Қазақстанның даму жолына ерекше мән беріп келесіз. Екі ел арасындағы күн тәртібінде талқылауды қажет ететін өзекті мәселелер бар. Кеше біз екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық ахуалға байланысты маңызды пікір алмастық. Сіздің жаһандық үдерістерді терең түсінетініңізді жоғары бағалаймын. Бүгін де бұл бағыттағы диалогты жалғастыруға мүмкіндік мол. Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде ІІ Абдалла Қазақстанмен арадағы өзара байланыстарды нығайтудың өзектілігін атап өтіп, екіжақты сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
– Жоғары мәртебелі, қымбатты бауырым, көрсеткен құрметіңіз бен жылы қабылдауыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл сапар Сіздің бірнеше ай бұрын Иорданияға жасаған сәтті сапарыңыздың заңды жалғасы деп санаймын. Қазақстан мен үшін өте жақын ел. Мұнда әр келген сайын, елдің Сіздің басшылығыңызбен қарқынды дамып келе жатқанына көз жеткізіп, таңғаламын. Кеше біз екі ел арасындағы өзара іс-қимылды түрлі салада тереңдету жайында ой бөлістік. Бүгінгі сапарымыз Иордания мен Қазақстан арасындағы достықтың жаңа кезеңін бастайды деп сенемін, – деді Иордания Королі.




