
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында баяндама жасады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайды еліміздің тағдырлас көршісі, сенімді досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы өзара түсіністік, ортақ тарих пен берік байланыс – халықтарды біріктіретін негізгі құндылықтар болып табылады.

– Қазақстан мен Қытай арасында сенімге негізделген қарым-қатынас орнаған. Жыл өткен сайын бұл байланыс нығайып, екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласында нақты нәтижелерге қол жеткізіліп отыр. Қытай – жаһандық деңгейдегі жетекші мемлекет әрі Қазақстанның маңызды сауда серіктесі. Мұндай табысты серіктестіктің негізі – Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің сындарлы саясаты. 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетіп, бұрын-соңды болмаған рекорд жаңарды. Бұл қарқынды сақтап қана қоймай, алдағы бес жылда өзара сауданы одан әрі ұлғайту жоспарымыз бар, – деді Мемлекет басшысы.
Президент инвестициялық ынтымақтастықтың да ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Қазіргі таңда елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді, олардың қатарында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты алпауыт корпорациялар бар.
– Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен тығыз байланыстамыз және қазақ-қытай әріптестігін дамытуды үнемі назарда ұстаймыз. Қытай тарапы бұл сапарға ерекше мән беріп, жоғары деңгейде қарсы алды. Ресми келіссөздер нәтижесі өте тиімді және мазмұнды болды. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің болашағына сенімдімін, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын, ЖІӨ көлемі биыл 300 миллиард доллардан асатынын айтып өтті. Бұл – елде қабылданған экономикалық реформалар мен инвестиция тартуға арналған қолайлы ахуалдың нәтижесі. Осы мақсатта цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп, Инвестициялық штаб жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, Қытаймен жасалған визасыз режим де іскерлік байланысты кеңейтуге ықпал етуде.
Тоқаев стратегиялық серіктестікті тереңдетудің нақты бағыттарын атап өтті. Олардың қатарында көлік-транзит саласы ерекше орын алады. Президенттің сөзінше, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Жақын арада іске қосылатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі арқылы транзиттік әлеует бес есеге ұлғаяды.

– Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі былтыр 4,5 миллион тоннаға жетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық. Каспий порттары арқылы жүк тасымалы да артып келеді. Қытай компаниялары үшін көлік-логистика жобаларына қатысуға мол мүмкіндік бар, – деді Президент.
Энергетика саласында да бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Атырауда Sinopec компаниясымен бірлескен полиэтилен зауытының құрылысы басталды. Сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Маңғыстауда бу-газ станциясын салу, жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасы бағытында ынтымақтастық орнату жоспарланған.
– CNNC компаниясымен бірлесіп, атом саласында серіктестік орнату көзделіп отыр. Бұл салада білікті мамандар даярлау да маңызды. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұл жобалардың маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.
Тау-кен металлургия кешені мен құрылыс индустриясында да Қытай бизнесі белсенді. Жамбыл облысында болат зауыты, Бұғыты кен орнында вольфрам өндіру, шыны өндірісі, автокөлік және электробус шығару жобалары іске асырылуда. Тоқаев бұл жобалардың ел экономикасын әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға сеп болатынын айтты.
Ауыл шаруашылығында да екі ел арасындағы кооперация кеңеюде. Қазақстан жылына 10 миллион тонна бидай мен 2 миллион тонна ұн экспорттайды. Президент Қытай нарығына астық жеткізуді 2 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өңдеу және сапалы ет өнімдерін шығару бағытында серіктестік орнатуға шақырды.
Цифрландыру саласында да ынтымақтастықты кеңейту жоспарда бар. Қазақстан жасанды интеллектті дамытуға ден қойып отыр. Биыл алғашқы Суперкомпьютер мен Alem.AI орталығы іске қосылды. Сонымен қатар, «Alatau City» инновациялық қаласы салынбақ. Бұл бастамаларға қытайлық компаниялардың қатысуына шақыру білдірілді.
Қаржы секторында да өзара байланыс нығайып келеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығында 850-ден астам қытай компаниясы тіркелген. Қазақстан даму банкі алғаш рет юаньмен облигация орналастырды. Бұл – Орталық Азиядағы тұңғыш тәжірибе.
– Қытай бизнесі Қазақстанда сенімді серіктестер таба алады. Жүзеге асатын жобалардың бәрі үкімет бақылауында болады. Екі ел арасындағы серіктестікті тереңдетуге сіздердің үлестеріңіз зор болатынына сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында Қытай Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсян, CITIC Group төрағасы Си Гохуа, «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов және басқа да ірі бизнес өкілдері сөз сөйледі.



