
Осакаровкада полицияның жаңа үлгідегі жедел басқару орталығы іске қосылды
Осакаров ауданында заманауи полицияның жедел басқару орталығы ашылды. Оның жүйесіне аудан орталығындағы көшелер мен қоғамдық орындарға орнатылған 109 бейнебақылау камерасы, сондай-ақ мектептер мен балабақшалардағы 900-ден астам камера қосылған. Полиция қызметкерлері тәулік бойы нақты уақыт режимінде жағдайды бақылап, оқиғаларға дер кезінде әрекет ету мүмкіндігіне ие болды. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге елеулі әсер етуде.
Орталықтың ашылу рәсіміне Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов және Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов қатысты.
– Біздің бөлімде заманауи Жедел басқару орталығы іске қосылды. Бұл жүйе қауіпсіздік деңгейін арттырып, қоғамдық тәртіпті тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Бейнебақылау арқылы 45 құқық бұзушылық анықталды, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Әзиз Жұмағазиев.
Жақын уақытта жүйені одан әрі кеңейтіп, адамдар көп жиналатын орындарға жасанды интеллект элементтері бар интеллектуалды камералар орнату жоспарланып отыр.
Осакаровка тұрғындары бұл жаңалықты жылы қабылдады.
– Қадағалау бар жерде тәртіп болады. Сондықтан осындай камералардың көбейгенін қалаймыз, – деді жергілікті тұрғын Иван Естефеев.

