Новости

Осакаровкада өткен NIS тамыз саммитінде ауыл мектептерінің даму келешегі 200-ге жуық мектеп басшысының қатысуымен жан-жақты талқыланды

Бүгін Қарағанды облысы Осакаров ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебі республикалық дәстүрлі тамыз конференциясының басты алаңына айналып, ауыл мектептерінің дамуына бағыт-бағдар берді.

«Ауыл мектебі: тең мүмкіндіктер жолында» атты секциялық отырысқа еліміздің әр өңірінен келген 200-ден астам тірек мектеп директорлары, ауыл мектептерін дамытуға үлес қосып жүрген ұйымдардың өкілдері мен педагогтер жиналды. Шараға онлайн форматта 4 мыңнан аса мұғалім қосылды.

Алғаш рет ауыл мектебі аясында өткізілген бұл маңызды жиынды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастырды. Бастама ауылдағы білім ошақтарына жаңа серпін беруді көздейді.

Іс-шараның ашылуында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев және NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин сөз сөйлеп, ауыл мектептерін қолдаудың маңызын атап өтті.

Әнуар Жанғозиннің айтуынша, ауыл балаларына сапалы білім беру – ұйымның стратегиялық басымдықтарының бірі. Оның пікірінше, бұл жоба мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдарды қамтиды. NIS тарапынан әдістемелік қолдау, Lesson Study мәдениетін қалыптастыру, тірек мектептер арасында ынтымақтастық орнату және оқушылардың әл-ауқатын арттыру шаралары жүйелі түрде жалғасатын болады.

Пленарлық отырыста тірек мектептердің жетістіктері нақты деректер мен шабытты мысалдар арқылы көрсетілді. Отырыс барысында жоба басталғанға дейінгі және кейінгі оң өзгерістер баяндалып, қатысушыларға нақты тәжірибелер ұсынылды.

Аягөз ауданындағы көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Канапьянова өз сөзінде мектептің жетістіктерін бөлісті. Оның айтуынша, мектеп 2022 жылы тірек мектеп мәртебесін алғаннан бері сапалы өзгерістерге қол жеткізген. Қазіргі таңда білім сапасы 64%-дан 80%-ға дейін артқан.

Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ұйымы ауыл мектептерін қолдауға бағытталған жұмыстарды 2019 жылдан бері тұрақты жүргізіп келеді. 2022 жылдан бастап «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, «Ауылдық аймақтағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын табысты жүзеге асырып келеді.

Бүгінгі таңда 141 тірек мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқуға қолайлы орта қалыптастырылды. Педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасалып, заманауи оқыту тәсілдері енгізілді. Жаңа оқу жылында бұл жобаға тағы 52 мектеп қосылады.

Жоба аясында мұғалімдерге кешенді әдістемелік қолдау көрсетіліп, олардың кәсіби қажеттіліктері ескеріліп отыр. Сабақтарға қатысу, кері байланыс беру, оқыту курстары және курстан кейінгі сүйемелдеу жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, оқушылардың әл-ауқатына қатысты мәселелер шешіліп, мұғалімдер үшін тағылымдамалар ұйымдастырылады.

Педагогикалық жиында қатысушылар мектеп басқару тәжірибесін, цифрлық технологияларды енгізу жолдарын және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тәсілдерін талқылады. Шеберлік сабақтарда топ-менеджерлер тиімді басқару шешімдері, деректерді талдау, жауапкершілікті арттыру және мектепте қолайлы орта қалыптастыру тақырыптарын қозғады.

Онлайн отырыстар барысында мектеп басқару, инклюзивті білім беру және жасанды интеллектті тиімді пайдалану мәселелері де көтерілді.

«Ауыл мектебі: тең мүмкіндіктер жолында» секциялық отырысы тірек мектептердің әлеуетін арттыру жобасының нәтижелерін қорытындылап, жаңа оқу жылына арналған басым бағыттарды нақтылады.

Статьи по теме

Back to top button