Новости

Осакаров ауданында жастар арасында кәсіпкерлік жаңа кезеңге қадам басты

Жеті жас кәсіпкер өздерінің жаңа бизнес-жобаларын жүзеге асыру үшін аудан әкімінің гранттарына ие болды. Биылғы жылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға 12 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Ауданда түрлі бағыттағы кәсіптер қолға алынуда. Олардың қатарында – сүт өнімдерін өндіру, тігін шеберханасын ашу, батут орталығы мен сұлулық салонының жұмысы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін ұйымдастыру секілді жобалар бар.

Соңғы үш жылда аудан бойынша 30-ға жуық жас кәсіпкер грант алып, өз ісін бастап, табысты дамытуда. Көпшілігі алғашқы нақты нәтижелерге қол жеткізіп үлгерген.

Жастардың бастамаларын қолдайтын ProZhaStar форумы жаңа жобаларды таныстыру, тәжірибе бөлісу және гранттарды табыстау алаңына айналды. Шара барысында аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов жастардың ауылды дамытуда маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті.

– Жастар – ел болашағының басты тірегі және жаңашыл бастамалардың иесі. Ауылда бәсекелестік аз болғанымен, идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік көп. Сол себепті батыл қадам жасап, жаңа жобаларды қолға алыңыздар. Біз қолдауға әрдайым дайынбыз, – деді әкім.

Грант иегерлерінің бірі Дина Алина Осакаров кентінде газ құю бекетін ашуды көздеп отыр.

– Газға сұраныс жоғары, ал бұл бағытта бәсекелестік жоқтың қасы. Сондықтан бұл қызмет халық үшін өте қажет әрі тиімді болады, – дейді ол.

Ал Максим Ржевский грант қаражатына жиһаз жасауға арналған дәнекерлеу шеберханасын іске қосуды жоспарлап отыр.

– Осакаров ауданында мұндай шеберхана әлі жоқ. Өзімде қажетті тәжірибе мен дайын жобалар бар. Ісім сәтті болады деп сенемін, – дейді жас кәсіпкер.

Гранттар тек жаңа кәсіп ашуға ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы жобаларды кеңейтуге де бағытталған. Мысалы, Күнболат Нұхая Нияз ауылдық округінде «Ұлттық нақыштағы Этноауыл» жобасын дамытып жатыр.

– Бұл демалыс орны қонақтарға ұлттық дәстүрлермен танысуға, тынығуға және отбасылық мерекелер өткізуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

Форум аясында бұрын грант алған жастардың жобалары көрме ретінде ұсынылды. Бұл – жастардың идеяларының нақты іске асып жатқанының айқын дәлелі.

Статьи по теме

Back to top button