Хабар

“Орақ қайда?”: Қарағанды облысының тұрғындары Кеңес дәуірінен қалған ескерткіш үшін келіспей қалды

Қарағанды облысының Ақбастау ауылы орақ пен балғаның ескерткішінен айырылып қалған. Кеңес дәуірінің белгісі саналатын мүсінді белгісіз біреулер түп орнымен жұлып, орнына еліміздің көк байрағын қадапты, деп хабарлайды Stan.kz.

Келмеске кеткен кеңес заманының есткеркіші саналатын мүсінді алып тастау туралы ұсыныс былтыр түскен. Сол кезде аттандағандар саны көп болып, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалыпты. Дегенмен өткен түні ауылдағы орақ пен балға ақыры із-түссіз жоғалыпты.

«Орақ қайда?» деп ойбайлағандар Ақбастаудағы Мәдениет үйін басына көтерді. Айтуларынша, ескерткішке тиісуге ешкімнің хақысы жоқ. Оны ұрлағандар молшылық пен тоқшылық жылдарына, қала берді бала махабатына деген сағынышты қолды қылды дейді.

“Балға мен орақтың түбінде ғашығымызбен кездесетінбіз. Күйеуім тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Мектеп бітіргендер ескерткіштің түбінде таңды қарсы алатын дәстүр қалыптасқан. Бұл жер өзімізге сондай ыстық”, – дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Виктория Грицишина.

“Малымызды апарып, қыстан аман-есен шықтық деп, жуып отыратынбыз. Бала-шағамызбен баратынбыз. Енді, міне, қара, қандай болып қалғанын. Ауылдың сәні, бір жағынан ескерткіш қой. Қандай зиян көрдік? Кеңес үкіметінен көрген зиянымыз бар ма?”, – дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Дүйсенбай Қожақай.

Тұрғындардың біразы: «Өз туы мен әнұраны бар тәуелсіз ел болғанда, ауылдың төбесіне орақ пен балғаны төндіріп қойғанымыз қай сасқанымыз?» – дейді. Осы ойы үшін жоғын даулап жүргендердің жауына айналған. Өйткені ескі ескерткіш осыдан бір апта бұран құлатылған екен. Оны коммунизмді сағынып жүргендер қайта орнатып, «әлгілермен» әкесінің құны кеткендей қызылкеңірдек болған. Енді қолды болғанын көргенде, тіпті жыларман күйге түсіпті.

“Ауылда орыс, қазақ деп ешкім бөліп отырған жоқ, орыстілділік. Қай тілде сөйлейді сол тілге қызмет етеді. Оны арандатушылар, «біздің символымыз», «біздің қорғанымыз» деп. Көк тудың орнына қызыл ту тігіп, орақ пен балғаны неге қалдырмадық онда? Қазір біздің символымыз бөлек, өз әнұранымыз бар”, – Аспандияр Сейсенов, Ақбастау ауылының тұрғыны.

Биіктігі үш метр болатын мүсін «металл қабылдау пунктіне өтіп кетті» деген болжам айтылды. Оның орнына қойылған туды «заң талаптарына сай келмейді» деп, прокуратура алғызып тастаған. Ал жергілікті әкім тұрғындардың ауылға деген сезімін басқа жолмен оятпақшы.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button