Хабар

Онлайн, қашықтан оқыту, көктемгі каникул: БҒМ маңызды сұрақтарға жауап берді

Бүгін «БҒМ LIVE» жобасында Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова үшінші тоқсандағы оқу форматы қалай болатынын түсіндіріп, ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан қойылған маңызды сұрақтарға жауап берді.

– Офлайн режим Қазақстан бойынша бола ма?

– Бұған дейінгі ВАК-тың шешімі бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына басқаша талап қойылса, қалған өңірлерге басқа талап болған еді. Соңғы ақпарат бойынша 24 қаңтардан бастап оқыту форматындағы ұсыныстар Қазақстанның барлық аймағына ортақ талаптар.

Сондай-ақ ата-ананың өтініш жазуы бойынша да сұрақтар жиі қойылып жатыр. Қашықтан оқыту ережелеріне сәйкес, егер ата-ана баланы қандай да бір жағдаймен қашықтан оқытқысы келсе, өтініш жаза алады.

– Білім беру ұйымдарына қандай талаптар қойылады?

– Балабақшаларға, мектептерге қойылатын талаптар толық сақталады. Ол талаптар пандемияға байланысты шектеулер кезінде де қойылған болатын. Мысалы, залалсыздандыру, оқу бөлмелерін желдету, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу, медициналық пунктің жұмысы, термометрия жұмыстары жалғаса береді. Маска режимі сақталады. Мектеп қызметкерлері мен ата-аналар Ashyq қосымшасы арқылы мәртебесін анықтағаннан кейін ғана ғимаратқа кіргізіледі.

Егер бала маскасын үйінде ұмытып кетсе, онда мектеп әкімшілігі баланы маскамен қамтамасыз етеді.

– Онлайн мен офлайн оқыту бала біліміне қалай әсер етеді?

– Біреуге онлайн, ал кейбіріне офлайн оқыту ұнайды. Бұл жерде бірінші кезекте бала денсаулығының қауіпсіздігі тұрады. Дегенмен пандемия шектеулері ұзаққа созылып кетсе, онда балаларды осы уақыт бойы онлайн оқыта беру мүмкін емес. 2020 жылы наурызда онлайн форматқа көшкеннен бастап білім саласындағы айтарлықтай олқылықтарды көрдік. Оны ата-аналар да біледі деп ойлаймыз. Сол себепті балалардың оқуға қызығушылығын, оқу дағдысын жоғалтып алмас үшін балалардың штаттық форматта оқуына басымдық беруіміз керек. Онлайн форматында оқу – ол өңірлердегі эпидахуалға байланысты қабылданатын шешім.

– Мысалы бір сыныпта 31 оқушы бар. Енді осы сыныптың толық офлайнда оқуына бола ма?

– Былтырғы тәжірибемізде «кезекші сынып» ұғымы болды. Бірақ кезекші сыныптар жұмысы қосымша қаражатты қажет ететіні белгілі. Оны жергілікті атқарушы органдар шешеді. Ал ДСМ бекіткен бұйрыққа сәйкес мектептерде санитарлық талаптар сақталады.

– Бір сыныптың жартысы онлайн және жартысы қашықтан оқыса, пән мұғалімдері екі бөлек оқыта ма?

– Мұндай жағдайда мектептің мүмкіндігін қарау керек. Егер бір паралельде бір сынып қана болса, онда екі бөлек оқытуға тура келеді. Ал егер бірнеше сынып болып, әр сыныпта 7-8 баладан онлайн оқуға өтініш берсе, онда оларды қосып та оқытуға болады. Мұндай бір сыныпты жасақтау мектептің дербес шешіміне, мүмкіндігіне байланысты болады.

– Оқушылар көктемгі каникулға уақытылы шыға ма?

– Қазіргі күні көктемгі каникулды ауыстыру туралы шешім жоқ. Біздің ұстанымымыз бойынша оқушылар каникулға уақытында шығады. Бұл жерде сұрақ сабақты бір аптаға кеш бастағанымыздан туындап отырған болуы мүмкін. Ата-аналар үшінші тоқсандағы бір аптаның тақырыптарын меңгермей қалуы мүмкін деп уайымдайды. Олар төртінші тоқсанның тақырыптарына ығыстырылады. Ал енді бұл тақырыптарды төртінші тоқсанда қалай меңгеретініміз алдағы уақытта хабарланады.

– Мұғалімдер онлайн оқыту кезінде тек қана тапсырма береді. Сондықтан мұғалім сабақ берді деп айту қаншалықты дұрыс деген сын айтылып жүр…

– Бұл сынды қабылдамауға болмайды. Шын мәнінде, пандемия кезіндегі оқыту процесі мектептерге жауапкершілік пен салмақты екі есе арттырды. Сондықтан әрбір мектеп басшысы мектептегі оқыту процесі қандай форматта өткізілсе де, оның сапасының төмендемеуі үшін барлық жұмысты ұйымдастыруға міндетті. Мұғалім онлайн оқыту кезінде мектеп таңдаған платформада сабағын өткізіп, бақылау, қадағалау жұмыстарын жүргізі керек. Мұғалім сабақты, тапсырманы асинхронды форматта беріп, оны әрі қарай бақыламаса, кері байланысты ұйымдастырмаса, онда бұл мұғалім тарапынан жіберілген қателік болады.

– Мұғалімдердің онлайн және офлайн оқыту форматы бойынша пікірлері қандай?

– Мұғалімдер қашықтан оқыту енгізілген кезден бастап (2020 жылы наурыз айы – ред.) шыңдалды. Өзінің оқушылары мен шәкірттерінің алдында жауапкершілігін сезінетін мұғалімдер өте көп. Одан бөлек, қашықтан оқытуға енді көшкенде Қазақстан мұғалімдері бір-бірімен әлеуметтік желілер арқылы тығыз байланыста жұмыс істеді. Материалдарымен де алмасты. Тіпті әлеуметтік желілерді өзінің оқытуға бағыттай алған мұғалімдер де бар. Сондықтан мұны пандемияның қоғамымызға берген оң бағыты деп қарастырсақ болады. Қазіргі мұғалімдер жаңа платформаларды зерттеулерін жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, 2022 жылғы 24 қаңтардан бастап Қазақстан бойынша барлық білім беру ұйымы дәстүрлі түрде офлайн форматта жұмыс істейді.

Білім беру ұйымдарының жұмыс алгоритмі қандай:

– Мектепке дейінгі ұйымдар (балабақшалар) балаларды ата-аналарының өтініші бойынша қабылдайды.

– 600 балаға дейін оқушысы бар жалпы білім беретін мектептерде –толыққанды офлайн оқу.

– 600-ден астам оқушысы бар мектептерде офлайн оқыту кезінде толымдық жобалық қуаттың 50%-ынан аспауы тиіс. Бұл жағдайда БҒМ 1-4 сынып оқушыларын олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүрлі форматта оқытуды ұсынады. Себебі бастауыш сынып балаларына қашықтан білім алу қиынға соғады.

– 5-11 сынып оқушыларына келер болсақ, мектеп әкімшіліктеріне балаларды штатты форматта оқыту, ауысымдар мен ішкі ауысымдардың жұмысын ұйымдастыру, кейбір пәндер бойынша сабақтарды қашықтан оқыту форматына ауыстыру туралы ата-аналардың өтініштерін ескеру ұсынылады.

– Мектептерден тыс ұйымдардағы оқу: жеке сабақтар толыққанды офлайн форматта, 15 адамға дейінгі топтық сабақтар – штаттық режимде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету кабинеттерінде (орталықтарда) – жеке сабақтар мен 8 адамға дейінгі топтық сабақтар – штаттық режимде жүргізіледі.

– Еліміздің колледждері мен ЖОО-ларында оқыту аралас форматта: практикалық, лабараторлық, семинар сабағы, өндірістік іс-тәжірибе – штаттық режимде, дәрістер – онлайн форматта өтеді.

baq.kz(https://baq.kz/onlayn-qashyqtan-oqytu-koktemgi-kanikul-bgm-manyzdy-suraqtarga-zhauap-berdi_269767/)

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button