Новости

Облыстық пәндік олимпиадада ауыл мектептерінен келген 700-ден астам оқушы өз білімдерін сынап жатыр.

Қарағандыда ауыл мектептерінен келген 700-ден астам дарынды оқушы өз білімдері мен қабілеттерін сынау үшін жиналды. Мұнда 9–11 (12) сынып оқушылары арасында республикалық пәндік олимпиаданың III (облыстық) кезеңі бастау алды.

Бұл білім сайысы өңірде қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Олимпиада бес күн бойы қаладағы төрт мектеп базасында өтіп, қатысушылар 13 жалпы білім беру пәні бойынша бақ сынауда.

Шараны Қарағанды облысының білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы бірлесе ұйымдастырған.

— Олимпиадаға тек ауылдық мәртебесі бар мектептердің оқушылары қатысады. Бұл оларға өз деңгейлес құрдастарымен тең жағдайда жарысуға мүмкіндік береді. Мұнда лицейлер мен гимназиялар қатыспайды, сондықтан бағалау процесі барынша әділ әрі ашық өтеді, — деді орталық директоры Серікжан Дамысхан. — Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық олимпиадаға жолдама алады. Ал республикалық кезеңде үздік атанғандар ұлттық құраманың қатарына еніп, халықаралық білім сайыстарында Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік алады.

Байқаудың негізгі мақсаты — ауыл мектептеріндегі талантты оқушыларды анықтау, олардың білімге деген ынтасын арттыру және әрі қарай дамуына тең жағдай жасау.

Back to top button