Хабар

Оңтүстіктен солтүстікке көшсеңіз, қандай көмек көрсетіледі?

2017 жылдан бастап Қазақстанда халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асырылды. Massaget.kz тілшісі оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларға қандай көмек көрсетілетінін анықтады.

Биыл сәуірде Премьер-министрдің экс-орынбасары (қазір Ақтөбе облысының әкімі) Ералы Тоғжанов Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударушыларға жаңа жоба әзірленгенін айтты. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың сөзінше, бастапқыда бұл шаралар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген болатын.

“Биылдан бастап олар “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатыр. Ерікті түрде қоныс аудару екі мәселені шешуге мүмкіндік береді: өз өңірлерінде жұмысқа орналаса алмаған қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс берушілерді қажет еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету”, – деді еңбек министрі Тамара Дүйсенова.

Еске салайық, өңіраралық ерікті қоныс аударуға жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және олардың отбасы мүшелері қатысады.

“Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасымен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды.

Ұлттық жоба шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидиялар түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем (2022 жылы – 222,6 мың теңге);
тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді. Төлем мөлшері қалаға қоныс аударғандар үшін бір адам үшін 20 АЕК – тен (61,3 мың теңге), отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп адам болса 30 АЕК-ке (91,9 мың теңге) дейін, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін – бір адам үшін 15 АЕК-тен (45,9 мың теңге) бастап, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болса 21 АЕК-ке дейін (64,3 мың теңге).
Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады.
“Серпін бағдарламасы” – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.

Сондай-ақ, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге көмек көрсетіледі.

Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналасқан және тұрғын үймен қамтамасыз етілген әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Мемлекет жұмыс берушілерге қоныс аударушылар үшін ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үй салуға жұмсалған шығынның 50 пайызына дейін субсидиялайды.

Айта кетейік, бұл жобаны іске асыру үшін 2022 жылы 7,2 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке 8,1 мың адам қоныс аударған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button