
Миымызды қалай құтқарамыз?
Кітап терапиясы
Миға ең керек азық — күрделі ойлану, жаңа дүние үйрену және қиын мәселелерді шешу. Мұның бәрі — мидың тікелей жұмысы. Ғалымдардың айтуынша, егер миымыз ойлауды қойса, бұл ұмытшақтыққа, ерте алжуға мидың көгеріп зенденүіне және зейіннің төмендеуіне алып келеді. Осы орайда «миымызды қалай құтқарамыз?» деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақтың басты жауабы — кітап. Зерттеулерге сүйенсек, күніне небәрі 6 минут кітап оқу күйзеліс деңгейін 68%-ға төмендетеді екен. Дамыған мемлекеттердің ішінде, мысалы, АҚШ тұрғындары жылына орташа есеппен 17 кітап оқыса, кітап парақтауға жылына шамамен 357 сағат жұмсайды. Ал елімізде кітапқа деген көзқарас белсенді дамып келеді. Кітап оқу қазір — үлкен трендте.
Зиялылық пен тереңдікті іздеген жан ешқашан жаңа білім алудан бас тартпайды. Біз тәніміз сау болуы үшін арнайы жаттығу залдарына барып, бұлшықеттерімізді шынықтырамыз, дәл сол сияқты ми қыртысына да күш түсіріп, жаттықтыру керек. Бұл жолда көркем әдебиеттің миға тигізер әсері зор.
Кітаптағы оқиғалар мен сюжеттер қиялымызға ерік береді, сонымен қатар тілімізді шұрайландырып, ойымызды нық әрі анық жеткізу қабілетімізді арттырады. Егер кітап оқуды жаңадан бастап жүрсеңіз, қызығушылығыңызды жоғалтып алмас үшін күніне 10–15 беттен, аз-аздан оқыған абзал. Жаңадан бастаған оқырман үшін күрделі романнан көрі шағын әңгімелер мен повестерден бастаған қолайлы — бұл сіздің зейініңізді арттырады. Өзіңізді қызықтырып, ойландырып жүрген тақырыптарды іздену де көп кітап оқуға жетелейді, ал бұл өз кезегінде тұлға болып қалыптасуыңызға үлкен үлес қосады. Миымызды сау сақтаудың тағы бір жолы — эссе, күнделік жазу, тіл үйрену, сурет салу және ғылыммен айналысу. Күнделікті әдетімізден тыс жаңа дүниелерді үйрене бастағанда, біздің көкжиегіміз кеңейеді. Миымызды осылайша құтқара аламыз.
Диана Алданышқызы
Қж 23- 2к




