Хабар

Мереке күндері астан уланбау үшін не істеу керек – санитар дәрігерлер

Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Наурыз мерекесі күндері астан уланудың жиілейтінін ескертті.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Наталья Беляеваның айтуынша, мерекелік дастарханға қажет азық-түлікті дүкендерден, арнайы базарлардан немесе сауда орындарынан сатып алған жөн. Онда да өнімнің жарамдылық мерзіміне, оның сыртқы түріне, иісіне, сақтау жағдайларына назар аудару қажет. Рұқсат етілмеген сауда орындарында кездейсоқ адамдардан азық-түлікті алуға болмайды. Ол, әсіресе, сүт өнімдерінің барлық түрлеріне, шикі жұмыртқа, әртүрлі ет түрлеріне, туралған көкөніс тағамдарына, кондитерлік өнімдерге, әсіресе торттарға қатысты. Ең қауіптісі – піскен құс еті, жұмыртқа қосылған тағамдар, майонез және қаймақ қосылған салаттар.

«Мерекеде астан уланбау үшін қарапайым ережелерді сақтанған жөн. Үйде мерекелік тағамдарды дайындау кезінде ең алдымен қолдың, ас үй жабдықтарының, ыдыс-аяқтың тазалығын қадағалаңыз. Шикі өнім мен дайын тағамды бөлек сақтаңыз, оларды әзірлеу үшін бөлек пышақ пен кесу тақталарын қолданыңыз. Жаңа дайындалған тағамды кешегі тамақ қалдықтарымен араластырмаңыз. Егер дайын тағам келесі күнге қалса, оны қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізу қажет. Етті, құс етін, жұмыртқаны, теңіз өнімдерін және мерекелік тағамдарға арналған басқа ингредиенттерді қуыру, қайнату кезінде дұрыс температуралық режимді сақтау және пісіру үшін қажетті уақытты сақтау өте маңызды», – дейді Наталья Беляева.

Маманның айтуынша, бұл ережелерді мейрамханалар, дәмханалар және азық-түлік дүкендері де назарда ұстаулары қажет. Персонал жеке гигиена ережелерін, маска режимін сақтап, азық-түлікті бір рет қолданылатын қолғаппен сатқаны дұрыс. Жұмысқа медициналық тексеруден өткен персонал ғана жіберіледі. Осы қарапайым алдын-алу шараларын орындау денсаулық пен өмірді сақтауға көмектеседі.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button