
Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кездесу өткізді
Мемлекет басшысына 2025 жылдың алғашқы жеті айындағы сот жүйесінің жұмысы туралы есеп берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтық істер бойынша дауларды баламалы тәсілдер арқылы шешу көрсеткіші 24 пайызға артып, 61 мыңнан 76 мыңға жеткені баяндалды. Бұл тәсілдерге медиация, татуласу және бітімге келу рәсімдері жатады.
Сот төрелігі Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы дауларда құқықтарын қорғау шеңберінде әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың шешімі немесе актісі (57 пайызы) заңсыз деп танылған.
Сонымен қатар, Президентке қылмыстық істер бойынша конституциялық құқықтар мен бостандықтардың сақталуына қатысты қабылданған шаралар туралы ақпарат ұсынылды. Тергеу соттары қамауға алуға рұқсат беруден бас тартқан істер үлесі 23 пайыздан 37 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ, ақталған азаматтар саны (жеке айыптау істерінен тыс) 59-дан 88-ге артқан.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 1 шілдеден бастап жұмысын бастаған дербес кассациялық сотқа алғашқы айдың ішінде 5 мыңға жуық шағым түскен.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігінің сапасын жақсарту және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
