Новости

Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Чунгвон Чоудың Қазақстанға жасаған сапарын елдің спорт қоғамдастығы үшін маңызды оқиға ретінде бағалады. Бұл сапар Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының елімізде таеквондоны дамытуға толық қолдау білдіретінінің айқын көрінісі болып отыр.

Мемлекет басшысы таеквондоны тек олимпиадалық спорт түрі ретінде ғана емес, үйлесім, тәртіп пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген, миллиондаған адамды біріктіретін философия ретінде қарастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтетін Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтинг турнирінің отандық спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға, тәжірибе жинауға және Ұлттық федерацияның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол екі тараптың бірлескен күш-жігері Қазақстанда таеквондоның танымалдылығы өсіп, халықтар арасындағы байланыс күшейе түсетініне сенім білдірді.

Чунгвон Чоу Қазақстанда таеквондоны дамытуға көрсетілген қолдау мен қонақжайлық үшін Президент Тоқаевқа алғысын білдіріп, Қазақстанда өтетін турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға және спортқа деген қызығушылықтың күшті екеніне оң баға берді. Ол сондай-ақ қазақ спортшыларының халықаралық жарыстардағы жетістіктерін атап өтті.

Кездесудің соңында Қазақстан Президенті Чунгвон Чоуды таеквондоны әлемде дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ал Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Мемлекет басшысына құрмет ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін сыйлады.

Статьи по теме

Back to top button