Новости

Мемлекет басшысы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысының биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен өңірді дамыту перспективалары туралы есеп берілді.

Марат Ахметжанов облыста барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсімнің тұрақты екенін айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,2 триллион теңгеге жетіп, өңір елдің аграрлық секторындағы көшбасшылық позициясын нығайтуды жоспарлап отыр. Биыл майлы дақылдар алқабы 2,5 есеге ұлғайып, өнімділік айтарлықтай артты.

Президентке инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берілді. Аршалы ауданында республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы құрылғаны атап өтілді. Жалпы сомасы 4 миллиард доллардан асатын инвестициялар портфелі жасақталған және осы жобалар аясында шамамен 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысына әлеуметтік инфрақұрылымның құрылыс жұмыстары жайлы мәлімет ұсынылды. Соңғы екі жылда 4,7 мың тұрғын баспаналы болған, бұл көрсеткіш алдыңғы жеті жылдың көлемімен тең. Нәтижесінде әлеуметтік осал топтардың кезегі 29 пайызға қысқарды. Қосшы қаласында үлескерлердің мәселесі оң шешімін табуда.

Білім беру саласында екі жыл ішінде 21 мың оқушыға арналған 33 жаңа білім нысаны салынды. Жаңа оқу жылына дайындық аясында өңірде апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді.

Жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Көкшетауда электр қуаты 240 МВт және жылу қуаты 520 Гкал/сағат болатын жылу электр орталығының құрылысы басталды. Су тазарту кешендерінің құрылысы аяқталуға жақын, бұл облыс орталығындағы 200 мың тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 9 елді мекенге газ құбыры тарту жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Президент облыстың реновация бағдарламасы арқылы әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша жақсы тәжірибесін жоғары бағалады. Сонымен қатар, егін жинау науқанын ұйымдастыру, Қосшы қаласының дамуын жеделдету, су тасқынына қарсы жүйелі шаралар қабылдау және инвестиция тарту мәселелерінде нақты тапсырмалар берді.

Статьи по теме

Back to top button