
Мемлекет басшысы Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Танзила Нарбаеваның кездесуі барысында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қарым-қатынастардың маңызды мәселелері, соның ішінде парламентаралық байланыстарды кеңейту жайы талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрайымы Танзила Нарбаеваға Астанаға сапары үшін ризашылық білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Танзила Нарбаеваның қазақ пен өзбек халқы арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін ерекше бағалады.
– Сіздің бұл сапарыңыз — елдеріміз арасындағы достықты бекемдей түсетін маңызды оқиға. Біз бауырлас Өзбекстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға аса мән береміз. Бұл — Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды алғышарты. Екіжақты байланыс неғұрлым берік болған сайын, өңірдегі ахуал да соғұрлым тұрақты болады. Сонымен қатар бұл сапар парламентаралық байланысты нығайтудың нақты қадамы, – деді Президент.
Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстан Президентіне қонақжайлық үшін алғыс айтып, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің ыстық сәлемін жеткізді.
– Президентіміз Сізге жүрекжарды лебізін жолдап, келісілген барлық уағдаластықтардың орындалуын жіті бақылап отырғанын жеткізуді тапсырды. Біз – оның командасы, Парламентпен бірге – бұл міндеттерді іске асыру үшін бар күшімізді саламыз. Өзбекстан мен Қазақстан – бір-біріне ең жақын әрі сенімді серіктес елдер, – деді Өзбекстан Сенатының спикері.
Кездесу барысында екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты тереңдету, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды кеңейту мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Мемлекет басшысы кездесу аясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы тілегін жолдады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваны Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.



