
Мектеп зертханаларынан технопаркке дейін: Қарағанды облысында білім сапасын жақсартуға «Қазақстан халқына» қоры серпін беруде.
2022 жылдан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қарағанды облысында жалпы құны 23,9 млрд теңгені құрайтын 33 жобаны жүзеге асырды. Бұл бастамалар білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қолдау салаларын қамтиды.
Аталған жобалардың ішінде ең көп көңіл білім саласына бөлініп отыр. Қазіргі уақытта аймақта осы бағытта тоғыз жоба іске асырылуда.
Маңызды бастамалардың бірі — «Білім-инновация» лицейінің тәжірибесін аймақ мектептеріне енгізу. Жоба Қарағанды, Саран, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Абай және Қарқаралы аудандарындағы 86 мектепті қамтиды. Жобаның серіктесі — халықаралық «Білім-инновация» қоғамдық қоры.
Бағдарлама аясында физика, химия және биология пәндеріне арналған кабинеттер заманауи зертханалық және оқу құралдарымен жабдықталып, мұғалімдер кәсіби дамыту курстарынан өтті. Сонымен қатар оқыту процесіне менторлық қолдау енгізілді.
Қор өкілі Зәуре Байменованың айтуынша, жобалардың тұрақты түрде жұмыс істеуі басты назарда.
Теміртау қаласындағы №1 гимназия директоры Татьяна Хотенова инженерлік және зерттеушілік мамандықтарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.
— Басты міндетіміз — оқушыларды зерттеушілікке баулу арқылы мамандық таңдауға ертерек бейімдеу. Жаңа жабдықтар оқыту процесін анағұрлым қызықты әрі тиімді етті, — дейді ол.
11-сынып оқушысы Астамбек Мағауия химия пәнінің мұғалімі болуды армандайды және жаңа әдістердің арқасында бұл салаға қызығушылығы артқанын жеткізді.

Білім беру саласындағы тағы бір маңызды бағыт — ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау. Қарағанды облысындағы он арнайы мектеп осы бастамамен қамтылды.
Мысалы, Теміртау қаласындағы №5 мектеп-интернатта жаңа спорт алаңдары, воркаут аймағы және жаттығу құралдары орнатылды.
— Бізде Теміртаудан ғана емес, Қарағанды мен Бұқар жырау ауданынан да балалар білім алады. Жаңарған инфрақұрылым балалардың ынтасын арттырып отыр, — дейді мектеп басшысы Динара Смаилова.
Мектепте дефектолог-мұғалім Оксана Малахова дене белсенділігінің балалардың мінез-құлқы мен оқу қабілетіне оң әсер етіп жатқанын айтады.
Интернатта 140 бала білім алады, олардың кейбіреуі сөйлеу қабілетінде күрделі бұзылыстары бар, ал кейбірі — жеңіл ақыл-ой кемістігімен.
Қор қолдауымен психолог, логопед және сенсорлық бөлмелер жабдықталып, бастауыш сыныптарға арналған шағын зертханалар орнатылды. Бұл оқу сапасын арттыруға септігін тигізді.

Сонымен қатар қор балалардың техникалық және шығармашылық әлеуетін арттыруға да басымдық беріп отыр.
Теміртаудағы балалар технопаркі жаңғыртылып, он үйірме қайта жабдықталды. Олардың қатарында кеме үлгілеу, автомодельдеу, «Жасыл мектеп» және жаңадан ашылған телестудия, жасанды интеллект пен VR зертханалары бар.
240-тан астам бала 3D-модельдеу, робототехника және бағдарламалау сияқты бағыттар бойынша білім алуға мүмкіндік алды.
Қордың аға менеджері Зәуре Байменова бұрынғы ескі жабдықпен жұмыс істеген педагогтар халықаралық байқауларда жетістікке жеткенін айтып, жаңғырту жобасының пилоттық форматта таңдалғанын, әрі нәтижелері оң болғанын жеткізді.
Технопарктің мақтанышы — кеме үлгілеу үйірмесі. Оның түлектері республика деңгейінде ғана емес, халықаралық сайыстарда да жеңіс тұғырынан көрінген. Соның бірі — осы мектептің түлегі әрі әлем чемпионы Сергей Оконечников.
— Бұрын қажетті құрал-жабдықты өз есебімнен алып жүретінмін. Қазір балалар заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Ең үлкен жетістігіміз — кеме сынауға арналған жабық бассейннің ашылуы, — дейді ол.

Ауылдық мектептерді қолдау жобасы аясында Саран қаласындағы Абай атындағы мектептің техникалық базасы түбегейлі жаңартылды.
Мектеп директоры Гүлден Серікова 22 оқу кабинеті жаңа жиһазбен және оқу құралдарымен толық қамтылғанын айтты. STEM-зертхана, робототехника, телестудия, арт-студиялар мен еңбекке баулу бөлмелері жабдықталған. Сондай-ақ акт және спорт залдары, логопедтік және психологиялық бөлмелер де жаңартылды.
— Бұл жаңартулардың нәтижесінде оқушылардың білім деңгейі артты. Олар ғылыми жобаларға белсенді қатысып, түрлі байқауларда жеңіске жетіп жүр. Бастауыш сыныптарда да жағдай айтарлықтай жақсарды — дейді мектеп директоры.

Қорыта айтқанда, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қарағанды облысында білім беру мен әлеуметтік қолдау салаларында бірқатар ауқымды жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.




