
Марат Әшім Тоқаевтың кеңесшісі қызметіне бекітілді
Марат Әшім Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі президент Протоколы қызметінің бастығы болып тағайындалды.
«Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес, Марат Кенжеғалиұлы Әшім Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі – президент Протоколы қызметінің бастығы лауазымына бекітілді», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Марат Әшім президент Протоколы қызметінің бастығы лауазымын атқарған.
Ақорданың ресми сайтының мәліметіне сәйкес, Марат Әшім 1987 жылы Алматыда дүниеге келген.
2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша, ал 2010 жылы экономика және бизнес саласында бакалавр дәрежелерін алған.
2010 жылы Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алған.
2008-2009 жылдары жеке компанияда заңгер қызметін атқарған.
2009 жылы Сыртқы істер министрлігінің әкімшілік және бақылау департаментінде атташе болып жұмыс істеген.
2010-2012 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінде үшінші хатшы қызметін атқарған.
2012-2017 жылдары Қазақстан президентінің Протокол қызметінде референт, сарапшы, консультант және инспектор лауазымдарында қызмет еткен.
2017-2018 жылдары президент Протокол қызметінің сектор меңгерушісі болған.
2018 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан президентінің Протокол қызметі бастығының орынбасары ретінде жұмыс істеген.
Ал 2023 жылдың 15 наурызында Қазақстан президентінің Протокол қызметінің бастығы қызметіне тағайындалған.
