Хабар

Мәжіліс сыртқы жарнамаларды қазақ тілінде жазуға қатысты заң жобасын мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп жазады inform.kz.

Заң жобасы 2021 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизисттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу. Сайлаушылар жиі көтеретін тақырыптардың бірі – осы көрнекі ақпараттағы қазақ тіліндегі жазылатын мәтіннің сауатсыздығы, кейбір жағдайда тіпті қазақ тілінде мәтіннің болмауы. Осыған байланысты нақты талаптар енгізілді», – деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:

  • әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын мемлекеттік тілде жазуға;
  • мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазуға;
  • жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазуға;
  • хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс немесе басқа да тілдерде орналастыруға бағытталған түзетулер енгізді.

«Бұл түзетулер қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген қазақ тілінің мәртебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады. Осы ұсыныстар әрбір азаматтың, әсіресе, кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймыз», – деді депутат.

Бұдан басқа, дін саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейтін нормалар енгізілді.

«Діни қызметті регламенттейтін ұсыныстардың енгізілуіне байланысты заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту бойынша түзету енгізілді. Жұмыс тобының 13 отырысы және Комитеттің кеңейтілген екі отырысы өткізілді. Салыстырмалы кесте қабылданған 54 позициядан тұрады. Депутаттардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша заң жобасында Қазақстан Республикасының 1 кодексіне және 16 заңына түзетулер енгізу көзделген», – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button