Хабар

Мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 20,3% артады

Заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген.

Мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар баланы қамтиды, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.

Вице-министрдің айтуынша, мүгедектігінің себебіне қарамастан I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған.

“Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заңды қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады”, – деді вице-министр.

Сондай-ақ, бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Аталған шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады.

Мұнымен қатар, заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

“Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады.Сондай-ақ, ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163-тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)”, – деп түсіндірді Ерлан Әукенов.

Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір жаңашылдығы болмақ. Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

“Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда”, – деп атап өтті вице-министр.

Бұдан басқа, заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.

informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button