Ленин шахтасындағы жағдайға 100 пайыз басшылық кінәлі – Юрий Ильин
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 3-ші қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада бес кеншінің өмірін қиған апаттың себебін айтты.
«3 қарашада Ленин атындағы шахтада болған апат бұрын бұрғыланған дренаждық ұңғымалардан газ бен көмір шаңының көп мөлшерде шығуына байланысты кенеттен газдинамикалық құбылыс нәтижесінде пайда болды. Негізгі себеп – метанның шаңмен бірге көп мөлшерде шығуынан №79 пикет аймағындағы бұрғылау станогындағы бұрғылау штангасының металл бекіткіштерінің элементтеріне үйкелуі салдарынан ұшқын пайда болып, жарылыс орын алған», – деді министр.
Сондай-ақ, Юрий Ильин қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын айтты. Нақтырақ айтқанда инженерлік-техникалық персонал тарапынан тиісті бақылау болмаған, соның салдарынан жұмыс өндірісі дұрыс ұйымдастырылмаған.
Қазіргі уақытта Ленин шахтасының 26 қызметкері, оның ішінде басшылық лауазымды атқаратын екі шетелдік шахтадағы апатқа жауапты болып анықталды. Яғни, шахтадағы апатқа 100 пайыз басшылық кінәлі.
Естеріңізге сала кетейік, 3 қарашада түнгі сағат 3.03-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында метан газы жарылған. Апат кезінде шахтада, жер астында 106 адам болған. 101 адам эвакуацияланды, бес адам қайтыс болды, төрт адам ауруханаға жатқызылды. ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Санавиация бригадасы зардап шеккендердің жағдайы бойынша төтенше жағдай болған жерде консилиум құрып, екі кенші Қарағандыға жеткізіліп, ота жасалды. Кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов Ленин атындағы шахтадағы апаттың себебін атады.
Оның айтуынша, газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенет метан шыға бастаған.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның барлық сегіз шахтасы бір тәулікке тоқтатылды.
Кейінірек қайтыс болғандардың есімдері белгілі болды.
5 қарашада Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтадағы апат кезінде қаза тапқан бес кенші жерленді. Туыстары мен жақындары, әріптестері және қала тұрғындары марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салды.