Хабар

Кредит амнистиясы: 2019 жылы рақымшылыққа ілінбегендердің қарызы кешіріледі

Несие амнистиясы 2019 жылдың 1 маусымында несие қарызы 3 миллион теңгеден аспайтындарға қолданылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Ведомствоның түсіндіруінше, жоба мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, ол отбасылардың қаржылық ахуалын жақсартуға мүмкіндік беру.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы мемлекет бірнеше санаттағы қазақстандықтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы борышын бюджеттен өтеп бергені мәлім. Бұл науқанға тек аз қамтылған, кедей отбасылар ғана емес, біршама ауқатты азаматтар да іліккен.

“Қазіргі кезде әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар түрлі себептермен өмірлік қиын жағдайға тап болып, өз атына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай отыр. Бұрынғы қаулыда көзделген мерзімдер аяқталды, алайда Мемлекет басшысының жарлығының талаптарына сәйкес келетін, бірақ деректерінің мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде болмауына, яғни деректерінің цифрландырылмауына байланысты берешектері өтелмей қалған адамдар анықталды. Осыған орай, “Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы” ел Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы №34 жарлығының күшіне ілігетін адамдарды толықтай қамту мақсатында жарлықты іске асыру мерзімдерін ұзарту ұсынылады”, – деп мәлім етті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

14 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған қаулы жобасында, азаматтардың қарызын мемлекет есебінен өтеудің жаңа науқаны нақты мерзімдермен шектелмейді. Биылғы амнистияның айырмашылығы осы. Үкіметтің екі жыл бұрынғы қаулысында: “Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылғы 22 қарашаға дейінгі мерзімде осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген адамдардың тізімін қалыптастырады және оны “Мемлекеттік кредиттік бюро” АҚ-ға жібереді”, – делінген еді.

2019 жылдың 1 маусымындағы несиелік қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын азаматтар несиелік рақымшылыққа ілінеді.1 қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспайтын мөлшерде негізгі борышы және сыйақысы өтеледі. Сонымен қатар, банктер өз кезегінде бұл несиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарады.

Несиелік рақымшылық:

көпбалалы отбасылар;
асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алатын отбасылар;
мүгедек балалары бар отбасылар, 18 жастан асқан балалық шақтан мүгедектер;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 29 жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айрылған балалар.

Қарыздарды кешіру үшін ешқандай өтініш берудің қажеті жоқ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кеңейтілген рақымшылыққа ілінген азаматтардың тізімін өзі жасайды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button