Бұған дейін Елбасы туралы ережелердің бәрі Конституциядан алынып тасталған болатын.
Конституциялық сот «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп тану жөнінде қаулы шығарды. Бұл туралы Конституциялық соттың сайтында жазылған.
«ҚР Конституциялық соты 5 қаңтарда Парламенттің бір топ депутатының ҚР Конституциясының 62-бабының 4-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарады», – делінген хабарламада.
Парламент депутаттары «Қазақстанның Тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма?» деген сұраққа жауап іздеген.
Осыған орай, Конституциялық сот «2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта ҚР Конституциясында «ҚР Тұңғыш президенті — Елбасы туралы» Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ, деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады», – деген шешім шығарды.