
Келер жылы Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы өсіп, тапшылық туындауы мүмкін: Кәсіпкерлер алаңдаушылық білдіруде
Келесі жылдан бастап Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап, тапшылық туындауы мүмкін. Бұл жағдай отандық фармацевтикалық өндірушілерге елеулі қаржылық шығын әкелмек.
Салалық қауымдастық өкілдерінің айтуынша, жаңа Салық кодексі кәсіпкерлер үшін қолайсыз талаптар енгізіп отыр. 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды өндіру тиімсіз болуы ықтимал. Бұған себеп – шикізат пен субстанцияларды шетелден әкелу барысында қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-ға дейін өсуі. Алайда өндірушілер бұл салықты есепке ала алмайды, өйткені мұндай дәрілер мемлекет тарапынан реттелетін, тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіреді.
Фармацевтикалық және медициналық өнім өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақпаеваның айтуынша, отандық өнім бағасы шетелдік баламалармен салыстырылып бекітіледі. Мысалы, шетелдік компания парацетамолды 90 теңгеге импорттап, салық төлемейді, ал жергілікті өндіруші әрбір құрамдас бөлік үшін 16% ҚҚС төлеп, бірақ оны өнімнің бағасына қоса алмайды.
Осылайша, отандық компаниялар салық жүктемесін көтере алмай, өндірістен бас тартуға мәжбүр болуы мүмкін.
Мамандар салық жүйесінде әділдік қажет екенін атап өтті. Препараттың импорт кезінде де, ішкі сатылымда да бірдей салық режимі қолданылуы тиіс. Қазіргі 0-ден 16%-ға дейінгі айырмашылық кәсіпкерлерді тығырыққа тіреуде.
«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов бұл жағдайды салықтық әкімшілендірудің нақты ережелерінің жоқтығымен байланыстырады. Оның сөзінше, егер тауар кейін тегін дәрілер тізіміне енгізілсе, бұрын төленген ҚҚС қалай қайтарылатыны белгісіз.
Нәтижесінде, отандық өндірушілер дәрі-дәрмектің өзіндік құны өскенімен, бағаны көтере алмай, шығынға ұшырайды, бұл болса ел ішінде дәрі тапшылығына әкелуі мүмкін.
