Хабар

Көргені жақсы көш бастайды

Ел аузында қалған ескі сөздерде ұлттың қамын жеген асыл бабаларымыз аз болмаған.

«Ел басына күн туса, ақсақалы ауыр ойға батады» деуші еді бұрынғылар. Жетес деген көрегенге жолыққан ақылгөй Байтоқан:

– Қияннан асқан бар ма,

Арқардың ізін басқан бар ма,

Ұлытауға шыққан бар ма,

Ұлылардың үнін ұққан бар ма,

Соны іздеп келемін, – депті.

Сонда Жетес: – Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам – адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен, мен соны іздеп барамын, – депті.

Бұл – Абай елінің әңгімесі.

Алтын Орданың ханы Тоқта­мыс­тың бас уәзірі Едіге батырды «Ел қамын жеген Едіге» атағаны мә­лім. Кешегі заманда Бұқар жырау атақ­ты Абылай ханның кей тірлігіне рен­жігенде, «Есім ханның түстігіне жа­ра­мады-ау!» деп сын айтқан деседі.

Өткен іс өткеннің есесінде қалсын. Енді Әділетті Қазақстан құрамыз деген Президентке уақыт беру керек. Отыз жылда қордаланған күрделі мәселелерді бір күнде түзеп тастамады деп, билік пен үкіметті кінәлағанымыз әділет болмас, сондықтан оларға мүмкіндік берген абзал. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады.

«Халықты қалай бағындыруға болады?» деген сұраққа дана Конфуций: «Егер адал адамдарды көтермелеп, арамзаларды басшылықтан алас­тат­па­саң, халықты бағындыра алмайсың» деген екен. Иә, өз билігін халық би­лігіне айналдырған басшы ғана би­лігін байыпты етеді. Бүгін тек қана ын­тымақ пен береке елдік тұтас­ты­ғымызды сақ­тап қалады.

Осы заманымызда да елдің сөзін айт­қан тұлғалар болды. Кешегі өткен Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза «Елім, саған айтам! Елбасы, сен де тыңда!» деп айналадағы талай берекесіз тірлікті жария етті. «Ауыл кетсе ұлттың ұйытқысы кетеді», деп ұл­тымыздың алтын ұясын сақтап тұру­ды, тіліміздің тірегін ұстап қалу­д­ы айтты. Оған құлақ асқан ешкім бол­мады.

Атақты Әмір Темір Шығыстың жеті жұлдызының бірі Хафиз шайыр­ды сарайына шақырып былай деп айтқан: «Патшасы ақынын іздеген ел бақытты, ал ақыны патшасын іздеген ел сорлы».

Мен өзім Президенттің Америкада тұрып жатқан біртуар жазушы, ғалым Мұхтар Мағауинді 80 жылдық мерейтойымен құттықтағанына сүйсіндім. Осындай адами ілтипаттардан кейін халықтың шынайы сенімі артады.

Мемлекет басшысы елімізді ме­кен­­­­дейтін табиғаттың төлтумасы – киік мәселесіне байланысты оң пікір біл­­­діріп, оларды сақтап қалудың жолын қарастыруы да көңілді серпілтті. Президент бұл қасиетімен өзінің ұлы дала ұрпағы екенін дәлелдеді. Қазақ – сан ғасыр табиғатпен қоян-қолтық араласып өмір сүрген халық. Біз қай түз тағысының киесі барын жақсы білеміз. Жан-жануарға байланысты аңыз­дың ақиқаты өмірден алынған Сәкен Сей­фулиннің «Ақсақ киік» поэмасының бас­талуын еске түсірелік:

Арқаның Бетпақ деген даласы бар,

Бетпақтың ойлы,

қырлы панасы бар.

Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ

өмір сүрген,

Жәндіктің киік деген баласы бар…

Кәкімбек Салықовтың жезкиік тура­лы ән сөзінен де биік рух аңға­ры­лады. Киіктің өрісі мен атамекені Бет­пақдаланы түз тағысына да, өзіміз­ге де жайлы ету – экологиялық үйлесімнің алғышарты.

Президент Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда елдің болашағы туралы тамаша сөздер айтты. Бізді ойландырып, толғандырды. Осы жолы да халықтың аяулы перзенттері Мұхтар Шаханов пен Ілия Жақановты еліміз­дің ең жоғары дәрежесі «Еңбек Ері» атағымен марапаттады. Саясатқа көп араласпайтын академик-математик Асқар Жұмаділдаев ел басшысы алдында сөз сөйледі. Мұның бәрі мына ойды еске түсіреді: «Экономика және оған қатыстылардың бәрі мәдениетке тәуелді». Яғни білімді, мәдениетті, өнегелі тұлғалар ғана қо­ғам­­ды ұстай алады.

Ұлы бабамыз әл-Фараби: «Ізгілікті қоғамда барлық адамдар өнермен айна­лысу керек», депті. «Өткенді ұмыт­қандар оған қайта оралуға мәж­бүр», деген Еуропадағы кішкене мемлекет – қала Люксембург даналары: «Біз бұрын қандай болсақ, сондай болып қалуымыз керек», дегендей Әділетті Қазақстанның әділетті жолынан айнымаса, бүгіні де, болашағы да баянды болады деп сенеміз.

Сағынтай Мұсабеков,

Созақ ауданының құрметті азаматы

Дереккөз: egemen.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button