
Кәсіпкерге жақын қолдау: «Даму» қоры қаржылай емес көмек тетіктерін кеңейтіп келеді

Солардың бірі – «Мобильді фронт-офис» жобасы. «Даму» қорының мамандары «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары және екінші деңгейлі банктер өкілдерімен бірлесіп, аудандар мен шағын қалаларға тұрақты түрде барып, кәсіпкерлермен кездесулер өткізеді.
Көшпелі кездесулердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларын кәсіпкерлерге тікелей жергілікті жерде қолжетімді ету. Кездесу барысында бизнес иелері қолданыстағы бағдарламалар жөнінде толық ақпарат алып, қаржыландыру талаптарымен танысып, өтінім рәсімдеуге байланысты практикалық көмек ала алады.

Бүгінде мұндай кездесулер облыстың алты ауданы мен қаласында, соның ішінде Саран, Теміртау, Приозерск және Балқаш қалаларында ұйымдастырылды. Оларға барлығы 214 кәсіпкер қатысты. Тамыз айының соңына дейін мобильді фронт-офистер Абай ауданы мен Шахтинск қаласына баруды жоспарлап отыр.
Жалпы, Қазақстан бойынша жоба аясында 127 аудан мен 16 қала қамтылды. Осы уақытқа дейін 1,8 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер консультациялық көмек алды.

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің тағы бір тетігі – «Бірыңғай фронт-офис». Бір алаңда жұмыс істейтін бұл қызмет арқылы кәсіпкерлер негізгі мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы қажетті ақпаратты бір жерден ала алады. Жыл басынан бері «Даму» қорының Қарағанды филиалына 700-ден астам кәсіпкер жүгінген.

Қор жұмысының маңызды бағыттарының бірі – кәсіпкерлерді оқыту. Олар қаржылық жоспарлау, маркетинг және персоналды басқару бойынша арнайы курстардан өтеді. Жыл басынан бері 1488 адам білімін жетілдірсе, олардың 67-сі Қарағанды облысының кәсіпкерлері.
«Даму» қоры отандық өндірушілердің өнімдерін маркетплейстерде ілгерілетуге де қолдау көрсетеді. Қордың көмегімен өндірілген тауарларға арнайы белгі қойылып, төмендетілген тарифтер ұсынылады. Алдағы уақытта маркетплейстерде «Қазақстанда өндірілген» деген атаумен жеке бөлім ашу жоспарланып отыр.
Бүгінде жобаға 700-ден астам отандық өндіруші қосылған. Олардың 40-ы – Қарағанды облысының кәсіпкерлері.

Сонымен қатар қор кәсіпкерлерге ақпараттық және жарнамалық қолдау көрсетеді. Оның қатысуымен жүзеге асырылған бизнес-жобалар туралы мәліметтер «Даму» қорының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып, кәсіпкерлердің өнімдері мен бастамаларын кеңірек аудиторияға танытуға мүмкіндік береді.




