Грантта оқитын студенттерге жолақы беріле ме?
Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім грантында оқитын студенттердің жолақысын өтеу тәртібіне өзгеріс енгізуді көздейтін бұйрықтың жобасын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол бойынша жол жүруге өтемақы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың мынадай санаттарына төленетін болады:
– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитындарға жылына екі рет, қысқы және жазғы каникул кезеңінде, тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын бекітілетін айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінде;
– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарының түлектеріне жылына бір рет 2 еселенген АЕК мөлшерінде;
– жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттарға жылына екі рет, қысқы және жазғы каникул кезеңінде 4 еселенген АЕК мөлшерінде;
– жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына-жылына бір рет 4 еселенген АЕК мөлшерінде;
-жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектеріне – жылына бір рет 4 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
Аталған өтемақы берілуі үшін бұйрықтағы санатқа жататын тұлғалар жол жүру шығынын растайтын құжатты өтінішпен бірге өткізуі керек.
«Жол жүру үшін өтемақы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының академиялық күнтізбесіне сәйкес қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль көлігінде (таксиден басқа) жол жүргенін растайтын құжаттар (электрондық билеттер, билеттің көшірмелері) болған кезде төленеді», деп жазылған бұйрықтың жобасында.