Новости

Геосаяси тәуекелдер мен жаңа мүмкіндіктер: Алматыда New Vision Forum өтеді

11–13 маусым аралығында Алматы қаласында Орталық Азиядағы ірі іскерлік алаңдардың бірі — New Vision Forum өтеді. Форум жыл сайын кәсіпкерлерді, инвесторларды, халықаралық компания өкілдерін, технологиялық сарапшыларды және креативті индустрия өкілдерін біріктіріп, бизнес пен қоғам дамуының жаңа бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл форумға 5000-нан астам қатысушы жиналады. Бағдарлама аясында технологиялар, геосаясат, халықаралық нарықтар, басқару жүйелері және бизнес трансформациясына арналған панельдік сессиялар, воркшоптар мен практикалық талқылаулар өтеді.

Форум сахнасында әлемдік деңгейдегі сарапшылар сөз сөйлейді. Олардың қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономика және блокчейн саласының сарапшысы Дон Тэпскот, Siri жобасының негізін қалаушылардың бірі Люк Джулия, әйгілі «Еркектер Марстан, әйелдер Венерадан» кітабының авторы Джон Грей және Glovo компаниясының негізін қалаушы Саша Мишо бар.

Сондай-ақ форумға қазақстандық бизнес қауымдастығының танымал өкілдері қатысады. Олардың ішінде BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев, Centras Group негізін қалаушы Елдар Әбдіразақов, Tan Media Group жетекшісі Арманжан Байтасов, Royal Flowers компаниясының өкілі Әділ Тасболатов және басқа да кәсіпкерлер мен инвесторлар бар.

Форум негізін қалаушы әрі бас директоры Мақсат Құрбеновтің айтуынша, халықаралық сарапшылардың қатысуы қазақстандық бизнеске жаһандық өзгерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

«Жозе Мануэл Баррозу сияқты әлемдік деңгейдегі саясаткердің қатысуы форум үшін ерекше маңызды. Оның халықаралық институттарды басқарудағы тәжірибесі қазақстандық компанияларға жаһандық нарықтағы мүмкіндіктерді кеңірек бағалауға көмектеседі», — деді ол.

Ал форум төрағасы әрі Kusto Group компаниясының қосалқы құрылтайшысы Қанат Көпбаев қазіргі кезеңде қазақстандық кәсіпкерлер үшін халықаралық деңгейде ойлау аса маңызды екенін атап өтті.

«Әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан біздің бизнес те батыл шешім қабылдап, халықаралық нарықтарға шығуға дайын болуы керек. Біз New Vision Forum-ды кәсіпкерлер үшін жаңа идеялар мен мүмкіндіктер ашатын еркін алаң ретінде құрдық», — деді Қанат Көпбаев.

Форум бағдарламасына бизнес-кейстерді талдау, технологиялық демонстрациялар, жабық сессиялар, нетворкинг алаңдары және New Vision Expo көрмесі кіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум тәжірибе алмасуға ғана емес, нақты серіктестіктер мен жаңа жобалардың қалыптасуына да мүмкіндік береді.

Іс-шараны Nobel Fest ұйымдастырады. Форум Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Ресми әуе тасымалдаушысы — Air Astana. Форум серіктестері қатарында Kusto Group, Q Group, ASIYA, Berik and Bayan Kaniyev Foundation, KIT Business Community, Chatium, MYD Production, “Нұрбанк” АҚ және Kusto Home бар.

Статьи по теме

Back to top button