КультураНовости

Гаджеттердің орнына кітап: Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды

Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» атты жаңа ірі жоба бастау алды. Бұл бастамаға мектеп оқушылары, студенттер, мұғалімдер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметкерлер қатысады. Жарты жыл ішінде әр қатысушы 15 кітап оқуы тиіс. Ең белсенді қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, медальдармен және арнайы сертификаттармен марапатталады. Бұл туралы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында жарияланды.

– Жобаның негізгі мақсаты – ел азаматтарының жылына кем дегенде 10 кітап оқу көрсеткішіне қол жеткізуі. Біз бұл байқау арқылы оқуға деген ынтаны арттырып қана қоймай, кітап оқуды бала кезден тұрақты дағдыға айналдыруды көздеп отырмыз, – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қорының атқарушы директоры Аян Сақошев.

Байқау қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың наурыз айының соңында қорытындыланады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жобаның өңір үшін маңызды екенін айтып, оны уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру қажеттігін ескертті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін ұлттық сананы қалыптастырудың маңызды негізі деп атап өтті. Сондықтан біз «Кітап оқитын ұлт» жобасын толық қолдаймыз. Кітапханалар жұмысын жетілдірумен қатар, оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды кітап оқуға кеңінен тарту – басты міндеттеріміздің бірі, – деді өңір басшысы.

Back to top button