Хабар

Ертең бір мезетте ел бойынша «Халық заңгері» акциясы өтеді

16 қыркүйекте елдің барлық ірі қаласында – Алматы, Нұр-Сұлтан, Қонаев, Ақтөбе, Тараз, Түркістан, Ақтау, Қостанай, Өскемен, Петропавл, Павлодар, Қарағанды, Балқаш, Орал, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Көкшетау, Талдықорған қалаларында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық әлеуметтік маңызы бар тегін акция басталады.

Шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар, белгілі заңгерлер мен құқық қорғаушылар ұйымдастырады.

Жобаның мақсаты – азаматтардың, әсіресе халықтың осал топтарына: аз қамтылғандарға, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, шағын және орта бизнес өкілдері, студенттер және басқа да көптеген азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және тегін заңгерлік көмек көрсету.

«Халық заңгері» акциясының ауқымы күн сайын кеңейіп келеді. Оған ірі қалалардан бөлек басқа да елді мекендер – облыс орталықтары, еліміздің барлық өңіріндегі аудандар мен ауылдар қосылуға ниетті. Бұл өңірлерде жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігінше сол күні бір мезгілде азаматтарды қабылдайды.

Бұрын-соңды болмаған бірегей «Халық заңгері» акциясы 2016 жылы өткізіле бастады. Бұл идеяны еліміздің барлық заңгерлік қауымы қолдады. Акция қарапайым қазақстандықтардың көңілінен шығып, кейіннен сұранысқа ие болғаны сонша, ұйымдастырушылар оны жыл сайын үлкен қалалар мен өңірлерде өткізуді ұйғарды.

2020-2021 жылдары ғана акция мәжбүрлі үзіліс жасады. Ол кезде Қазақстанда, сонымен қатар бүкіл әлемде коронавирус пандемиясына байланысты карантин шаралары енгізілді. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін ұйымдастырушылар жобаны қайта бастау туралы шешім қабылдады: бұл жолы акция 16 қыркүйек күні сағат 16.00-де басталады.

Кез келген азамат «Халық адвокаты» акциясына келіп, өзін қызықтыратын барлық құқықтық мәселе мен дау бойынша үздік, кәсіби деңгейі жоғары заңгерлерден, соның ішінде тәжірибелі, беделді адвокаттардан, нотариустардан, прокурорлардан, тегін, толық көлемде қажет көмек пен кеңес ала алады. Кеңес берушілер қатарында тергеушілер, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін қызметкерлер, әділет, көші-қон полициясы, банк омбудсмені, сонымен қатар жауапты басшылық қызметтерді атқаратын ҮЕҰ және мемлекеттік органдардың өкілдері болады, – делінген хабарламада.

Заңгерлер кеңес береді, ал мемлекеттік органдар азаматтарды қабылдайды. Азаматтарды қабылдау уақыты шектелмейді, соңғы адам келгенге дейін жалғасады.

«Халық заңгерінің» қызметін пайдаланғысы келетіндер жылдан жылға көбейіп келеді. Тек 2016-2019 жылдар аралығында 100 мыңнан астам өтініш беруші тегін заң көмегін алды, 7 мыңнан астам заңгер мен мемлекеттік қызметкерлер олардың сұрақтарына жауап берді.

Сұрақтар өмірдің өзі сияқты алуан түрлі. Біреу азаматтық, біреу қылмыстық іс бойынша ақылдасқысы келеді. Біреу тұрғын үй заңнамасы, біреу еңбек, банк, жер, салық… Біреу отбасы және неке қатынастары мәселесі, біреу мұрагерлік, жылжымайтын мүлік, айыппұлдар, несие беру, кибербуллинг және тағы басқа туралы сұрағысы келеді. Көбіне адамдар құқықтық жанжал туындаған жағдайда өзін қалай қорғайтынын, неден бастау керек екенін білмейді. Осы тұста «Халық заңгерінің» баға жетпес көмегі қажет.

Халықтың қамтылуы мен аумағы жағынан «Халық заңгерінің» Қазақстанда ғана емес, әлемде теңдесі жоқ. Қазақстан – «Халық заңгері» сияқты бірегей ауқымды акция дүниеге келген және одан әрі қарқын алып келе жатқан алғашқы және жалғыз мемлекет. Бүкіл халыққа бір мезгілде тегін заңгерлік кеңес беру ешбір елде болған емес.

Бұл жоба шынымен де елде жалпыхалықтық сипатқа және жалпыұлттық, мемлекеттік мәнге ие болды.

«Халық заңгері» құқықтық демократиялық мемлекетіміздің, ортақ үйіміздің дамуына үлес қосып келеді. Мұнда заңның үстемдігі, азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтау абсолютті басымдыққа айналуға тиіс.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button