
Енді Қарағанды қаласындағы жол қозғалысын жасанды интеллект басқарады
Қарағанды қаласында интеллектуалды көлік жүйесін (ИКЖ) енгізу толық аяқталды. Енді қаладағы барлық бағдаршамдар бірыңғай басқару орталығына біріктіріліп, жасанды интеллект көмегімен реттеледі. Бұл жаңашылдық көлік қозғалысын оңтайландырып, жолдағы кептелістердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жүйенің қалай жұмыс істейтінін және оның жүргізушілерге қандай артықшылықтар әкелетінін Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты жолаушылар көлігі секторының бас маманы Дастан Оспанов түсіндіріп берді.
– Жол қозғалысын басқаруда жасанды интеллектті пайдалану – халықаралық тәжірибеге негізделген. Бағдарламалық жасақтама шетелде жасалғанымен, ол жергілікті жағдайға бейімделген. Жүйені енгізумен отандық компания айналысты, әрі қарай оған біздің мамандар қызмет көрсетеді. Барлық серверлер де Қарағандыда орналасқан, – деді ол.
Қазіргі таңда ИКЖ құрамына 206 бағдаршам біріктірілген. Барлығы ТКШ бөлімінің балансына кіреді. Жүйе нақты уақыт режимінде жұмыс істеп, бағдаршамдарды жолдағы жағдайға сәйкес үйлестіріп басқара алады. Мысалы, тығыз қозғалыс кезінде жасанды интеллект көлік ағымын тиімді бағыттап, кептелістердің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл бағдаршамдардың 60-ы «жасыл толқын» режимінде жұмыс істейді – яғни жүргізушілер ұзақ қашықтықты аялдаусыз жүріп өтуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысының бірқалыпты болуына және кептелістің азаюына ықпал етеді.
Сонымен қатар, жаңа үлгідегі бағдаршамдар орнатылып, олар арнайы детекторлармен жабдықталды. Бұл операторларға жол қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
ИКЖ аясында тағы бір жаңалық – көптеген көшелерден кері санақ таблолары алынып тасталды.
– Бұған екі негізгі себеп бар. Біріншіден, мұндай таблолар кейде бағдаршаммен сәйкес келмей, жүргізушілерді шатастыруы мүмкін. Екіншіден, кей жүргізушілер таблодағы соңғы бірнеше секундты көріп, жылдамдықты арттырып үлгеруге тырысады. Бұл жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Сондықтан біз бұл тәжірибеден бас тарттық. Мұндай шешімді бұған дейін Шымкент, Астана және Алматы да қабылдаған. Нәтижесінде орташа қозғалыс жылдамдығы төмендеп, жолдағы қауіпсіздік артқан, – деді Дастан Оспанов.
Айта кетерлігі, интеллектуалды жүйе интернет желісі болмай қалған жағдайда да жұмысын жалғастыра береді. Бағдаршамдар GSM-модульдер арқылы, алдын ала берілген алгоритмдерге сүйеніп, автономды түрде басқарылуға қабілетті.


