Новости

Экология министрлігі Павел Дуровтың Көлсай көліне шомылуына байланысты ресми түсініктеме берді

Экология министрлігі Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Көлсай көліне шомылуына қатысты түсініктеме берді.

Министрлік мәліметінше, БАҚ пен әлеуметтік желілерде Павел Дуровтың Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде шомылып жүрген видеосы тараған.

Аталған жағдай бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, шомылған аумақта — нақтырақ айтқанда, Көлсай-2 көлінің маңында — суға түсуге тыйым салынғанын білдіретін белгілердің орнатылмағаны анықталған.

– Осыған байланысты оның әрекетінде құқық бұзушылық белгілері жоқ деп танылды. Бұл оқиға қоршаған ортаның жағдайына кері әсер етпеген, – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, оқиға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүріп-тұру ережелері жөнінде туристерді жүйелі түрде ақпараттандырудың маңыздылығын көрсеткені атап өтілді. Бұл Қазақстанның табиғи байлығын сақтап қалуға және елдің экотуризм мен жауапты туризм саласындағы тартымдылығын арттыруға сеп болмақ.

Министрлік Павел Дуровтың 10 миллионнан астам жазылушысы бар парақшасында жарияланған бейнематериалдың елдің туристік беделін нығайтуда маңызды рөл атқарғанын жеткізді.

— Аталған видео Қазақстанның табиғи көркемдігін әлемдік аудиторияға танытып, елдің туристік әлеуетін ілгерілетуге елеулі үлес қосты, — деп қорытындылады ведомство.

Back to top button